Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалинге Ақмола облысындағы «Burabay Milk» ЖШС-нің инвестициялық жобаларын іске асыру барысы таныстырылды.
Баянбай ауылында 1 440 азықтық мал басына арналған тауарлы-сүт фермасын салу жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінде Германиядан фермаға голштин тұқымды 330 бас сиыр әкелінді. Жоба аясында төрт сиыр қорасы мен сауын залын кезең-кезеңімен пайдалануға беру көзделген.
Сонымен қатар, «Burabay Milk» ЖШС директоры Ғалымжан Абдықаликов Щучье қаласында тәулігіне 50 тонна өнім өндіретін сүт зауытын салу жобасын таныстырды. Нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылғы қарашада басталды. Қазіргі уақытта Shugao және Fibosa компанияларымен жабдық жеткізу туралы келісімшарт жасалды.
«Жобаларды іске асыру өңірде сүтті мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға, сондай-ақ отандық сүт өнімдерін өндіру көлемін арттыруға бағытталған. Екі нысанды да жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобалар іске қосылғаннан кейін шамамен 100 тұрақты жұмыс орны ашылады», – деп атап өтті Ғалымжан Абдықаликов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1276212?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау