«Заң және тәртіп» қағидаты еңбек саласында да әр адамның құқығы қорғалып, атқарған еңбегіне сай әділ ақы төленуінен бастау алады. Еңбек адамының құқығын сақтау әлеуметтік әділеттіліктің ғана емес, жұмыс орнындағы тұрақтылықтың да маңызды кепілі.
Атырау облысында еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, еңбек тәуекелдерінің алдын-алу және жұмысшылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Осы мақсатта Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Игілік Әубәкіров пен департамент басшысының орынбасары Кемел Иманғалиев «Alga Bus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Асқар Қуанышқалиевпен кездесті.
Кездесуде еңбек ұжымындағы ахуал, жұмысшылардың еңбек құқықтарының сақталуы және еңбек қатынастарында туындауы мүмкін тәуекелдердің алдын-алу мәселелері сөз болды. Тараптар кез-келген мәселені дер кезінде анықтап, қызметкерлердің заңды талап-тілектеріне құлақ асудың маңызын атап өтті.
Жиында көтерілген негізгі мәселенің бірі – жұмыс уақытының сақталуы және демалыс күндері еңбек етуге байланысты заң талаптары.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, қызметкерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға жалпы жағдайда жол берілмейді. Алайда заңда көзделген жекелеген жағдайларда жұмыс беруші қызметкерді оның келісімімен мұндай күндері жұмысқа тарта алады. Мұндай еңбек міндетті түрде тиісті тәртіппен рәсімделуі керек.
Ең бастысы – демалыс немесе мереке күніндегі жұмыс қызметкердің еңбекақысында ескерілуге тиіс. Заңнамаға сәйкес, мұндай жұмысқа ақы қызметкердің кемінде 1,5 есе мөлшердегі күндік немесе сағаттық мөлшерлемесі бойынша төленеді. Қызметкердің өтініші бойынша демалыс немесе мереке күніндегі жұмысқа басқа демалыс күні берілуі де мүмкін.
Яғни демалыс күнінде жұмысқа шыққан қызметкердің еңбегі жұмыс беруші тарапынан ескерусіз қалмауы керек. Бұл жұмысшыға жасалған қосымша жеңілдік емес, еңбек заңнамасында көзделген құқық.
– Еңбек қатынасында заң талабы екі тарапқа да ортақ. Жұмыс беруші қызметкерден өз міндетін сапалы орындауды талап етуге құқылы. Ал қызметкер өз еңбегінің заңға сәйкес бағалануын талап етуге құқылы. Әсіресе демалыс және мереке күндеріндегі еңбекке ақы төлеу мәселесінде заң талаптары сақталуы қажет, — деді департамент басшысы Игілік Әубәкіров.
Оның айтуынша, еңбек қатынасындағы түсініспеушіліктің алдын-алу үшін жұмыс беруші де, қызметкер де өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білуі керек. Жұмысқа тартудың тәртібі алдын-ала түсіндіріліп, тиісті құжаттармен рәсімделгені абзал.
Департамент басшысының орынбасары Кемел Иманғалиев еңбек ұжымындағы тұрақтылық ең алдымен өзара түсіністік пен заң талаптарының сақталуынан басталатынын атап өтті.
– Қызметкерді демалыс күндері жұмысқа тарту қажеттілігі туындаған жағдайда оның заңда белгіленген тәртіппен рәсімделуіне мән берген жөн. Сонымен бірге жұмысшының атқарған еңбегіне тиісті ақы төленуі керек. Бұл еңбек қатынасындағы екі тараптың да жауапкершілігін талап етеді, — деп түсіндірді Кемел Иманғалиев.
Кездесу барысында мекеме басшылығы жұмысшылардың еңбек жағдайы жалпы алғанда қалыпты екенін жеткізді. Сонымен қатар қызметкерлер тарапынан жұмыс уақытын сақтау және демалыс күндеріндегі еңбекке қатысты талаптар айтылғаны сөз болды. Осыған байланысты департамент мамандары еңбек заңнамасының талаптарын сақтау, жұмыс уақытын дұрыс ұйымдастыру және қызметкерлердің еңбегіне тиісті есеп жүргізудің маңызын түсіндірді.
Еңбек заңнамасын сақтау тек еңбек дауы туындаған кезде қолға алынатын шара емес. Керісінше, мұндай мәселенің алдын-ала реттелуі жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы өзара сенімді нығайтып, ұжымдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.
Қызметкер өзіне жүктелген міндетті орындаумен қатар, заңмен қорғалған еңбек құқықтарын да білуі қажет. Ал жұмыс беруші үшін еңбек заңнамасының талаптарын сақтау – міндет. «Демек, қызметкер демалысын жұмысқа айырбастаған жағдайда, оның еңбегі де заңға сай бағалануы керек» деп түйіндеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-inspekciya/press/news/details/1275727?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау