АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР САРАЛАНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, бюджет пен салық түсімдері, құрылыс, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, тұрғындардың өтініштері және бірқатар өзекті мәселелердің орындалу барысы жан-жақты талқыланды.
Алдымен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева ауданның негізгі индикаторлық көрсеткіштерінің орындалуы, бюджет қаражатының игерілуі және кіріс бөлігінің атқарылуы жөнінде баяндады.
Аудан басшысы бюджет түсімдерін жоспардан артығымен орындау бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар салық түсімдерінің 8 айлық жоспарына нақты талдау жүргізіп, оның орындалу деңгейін саралау, жыл соңына болжам жасау және белгіленген көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Жауапты басшыларға көрсеткіштерді баяндаумен ғана шектелмей, нақты нәтижеге жұмыс істеуді тапсырды.
Құрылыс саласы бойынша аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Талғат Омарқұлов 2025–2026 жылдары бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан құрылыс нысандары бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырды.
Баяндама барысында Темірлан ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен теннис корты, Бадам ауылындағы мәдениет үйі мен кітапхана құрылыстарының қазіргі жағдайы талқыланды.
Аудан әкімі құрылысы жүріп жатқан нысандардағы жұмысты жандандырып, спорттық кешендерді мүмкіндігінше ертерек аяқтап, халық игілігіне пайдалануға беруді жоспарлау қажеттігін айтты.
Сонымен қатар Темірлан ауылындағы 46 гектар аумаққа электр желілерін тарту жұмыстарының барысы қаралды. Шұбар ауылындағы электр жүйесіне қатысты мәселе де талқыланып, жауапты тұлғалардан атқарылып жатқан жұмыстар бойынша нақты ақпарат сұралды.
Ауыл шаруашылығы саласындағы «AMANAT» жобалары аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар, шаруаларды қолдау, күзгі дала жұмыстарына дайындық және егін жинау науқанының барысы сараланды. Атап айтқанда, шаруаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, ағын су мәселесін шешу және маусымдық жұмыстарды уақытылы ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Аудан басшысы ауыл шаруашылығы жұмыстарын алдын ала жоспарлап, шаруалардың қажеттіліктерін ескеруді тапсырды. Әсіресе күзгі егін науқаны кезінде жанар-жағармай мен ағын суға қатысты мәселенің туындауына жол бермей, тиісті жұмыстарды алдын ала ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Жуманали Қадиев аудан әкімінің тұрғындармен кездесулері барысында көтерілген өтініштер мен ұсыныстардың орындалу барысы жөнінде баяндады. Кездесулерде тұрғындар тарапынан қойылған мәселелердің шешілу деңгейі сараланып, жауапты мекемелерге берілген тапсырмалардың орындалуы талқыланды.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді формалды түрде бақылаумен шектелмей, әрбір өтініштің нақты шешілуін қамтамасыз ету тапсырылды. Орындалу мерзімі мен нәтижесіне жауапты басшылардың жеке өз жауапкершілігіне алу қажеттігі айтылды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында елді мекендерді газбен және ауызсумен қамту, абаттандыру, көше жарықтарының жай-күйі, коммуналдық қызметтердің сапасы және өзге де инфрақұрылымдық мәселелер қаралды.
Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар, мәдениет және спорт салаларының көрсеткіштері, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы және ауылдық округтерде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері сараланды.
Мәжілісті қорытындылаған аудан басшысы жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
«Әрбір бағыт бойынша нақты нәтиже болуы керек. Берілген тапсырма уақытында орындалып, оның нәтижесі халыққа сезілуі тиіс. Жұмысты созбалаңға салмай, проблеманы шешуге бағыттап ұйымдастыру қажет», – деді аудан әкімі.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1276234?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version