Ақмола облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облысында жылыту маусымына дайындық мәселелері Елдос Рамазановтың төрағалығымен Степногорск қаласында өткен көшпелі кеңестің негізгі тақырыбына айналды. Қаланы кеңес өткізу алаңы ретінде таңдау кездейсоқ емес – Степногорск өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызды буын болып қала береді.

Жұмыс сапары барысында кеңеске қатысушылар жылумен жабдықтау нысандарының жай-күйімен және қалалық инфрақұрылымның алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығымен танысты. Жылу желілерін жөндеуге, қазандық жабдықтарын жаңартуға және энергиямен сенімді қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

Степногорск қаласында жылу желілерін ауқымды реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Жоспарланған 8,5 шақырымның бірінші кезеңі бойынша бүгінде 7,4 шақырым немесе 87%-ы жөнделді. Жұмыстарды қыркүйек айының ортасына дейін аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар магистральдық жылу желісін жөндеу жұмыстары жүргізілуде – қазіргі уақытта осы жылға жоспарланған жұмыстар көлемінің жартысы орындалды.

Степногорск ЖЭО-ны жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Мұнда қазандықтар, турбиналар, түтін мұржалары мен күл құбырларына жөндеу жүргізілуде. Қазіргі таңда бір қазандық пен бір турбинаға жөндеу жұмыстары аяқталып, екі түтін мұржасы қалпына келтірілді. Сондай-ақ ұзындығы 7,5 шақырым болатын жылу трассасы толық төселді.

Сондай-ақ Ақкөл қаласындағы блокты-модульдік қазандықтарға барып, жұмыстардың барысы мен жабдықтардың алдағы жылыту маусымына дайындығы тексерілді. Қалада Абай және Орталық көшелерінде БМҚ құрылысы жүргізілуде. Бірінші нысанның дайындық деңгейі 90%, екіншісінікі – 40%.

Жалпы, облыста қысқы кезеңге дайындық бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Биыл 38,2 шақырым жылу желісін реконструкциялау жоспарланған, оның 27,6 шақырымы немесе 70%-ы орындалды. Сонымен қатар қазандықтарды ауыстыру жұмыстары жалғасуда: жоспарланған 26 қазандықтың 20-сы орнатылды.

Щучье қаласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мұнда бірнеше қазандықтың жылу желілері реконструкциялануда. Атап айтқанда, №20 қазандық желілеріндегі 6 шақырым жылу трассасының 5 шақырымы жөнделді.

Көкшетау қаласында Сәин және Потанин көшелеріндегі жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар аудандық қазандықтардың жабдықтарын жөндеу жалғасуда. №9 РК-2 қазандығында электр сүзгісін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Атбасар қаласында жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары аяқталуда, сондай-ақ орталық қазандықты реконструкциялау жалғасуда. Сандықтау ауданында Балкашино ауылындағы блокты-модульдік қазандықтың құрылысы аяқталуға жақын. Оның дайындық деңгейі 80%-ды құрайды. Қалған жұмыстарды жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.

Макинскіде де белсенді жұмыстар жүргізілуде. Мұнда блокты-модульдік қазандықтың сегіз қазандығы ауыстырылуда. Жаңа жабдықтар Жақсы, Жарқайың, Егіндікөл, Есіл және Шортанды аудандарында орнатылуда. Қосшы қаласында қазандық жабдықтарын қуатын арттыра отырып жаңғырту жұмыстары жалғасуда, ал Шантөбе кентінде жылу желілеріне жөндеу жүргізілуде.

Дайындық жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі – әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қорының әзірлігі. Бүгінде денсаулық сақтау саласындағы 517 нысанның барлығы жылыту маусымына дайын. Білім беру нысандарының 406-сының 376-сы дайын. Облыс бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердің 87%-ы жылыту маусымына әзірленді.

Коммуналдық қазандықтарға арналған отын қорын қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Аудандар мен қалаларда көмір жеткізу бойынша келісімшарттар жасалып, оны жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар энергия көздерін қажетті көлемдегі мазутпен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде.

Маңызды бағыттардың бірі – электр желілерін дайындау. Энергия беруші ұйымдар желілер мен қосалқы станцияларды жөндеу жұмыстарын жалғастырып, олардың тозу деңгейін одан әрі төмендетуге бағытталған шараларды жүзеге асыруда.

Алдағы апталарда негізгі басымдық жөндеу жұмыстарын аяқтауға, жылу жүйелерін шаю және қысыммен сынау жұмыстарын жүргізуге, отынның нормативтік қорын жинақтауға және дайындық паспорттарын алуға беріледі. Барлық іс-шаралар бақылауда және белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1276773?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version