Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласында балалардың терезеден құлау жағдайларын болдырмауға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың басынан бері қала аумағында балалардың терезеден құлауына байланысты 9 жағдай тіркелді. Оның ішінде 4 бала қаза болып, 5 бала жарақат алған. Оқиғалардың негізгі себептерінің бірі – балаларды ересектердің қараусыз қалдыруы.
Осыған байланысты Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және құрылыс саласындағы жауапты субъектілермен бірлесіп, балалардың терезеден құлау қаупінің алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Кезекті профилактикалық іс-шара барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірге «Отау Строй» компаниясына қарасты көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс нысанына барып, терезе конструкцияларына орнатылған арнайы қауіпсіздік бекіткіштері көрсетілді.
Мамандар бекіткіштердің жұмыс істеу тәртібін көрсетіп, олардың терезенің толық ашылуын шектеу арқылы балалардың терезеден құлау қаупін төмендетудегі тиімділігін түсіндірді.
Қолданыстағы құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес, терезе ойықтары адамдардың абайсызда құлап кетуіне жол бермейтін құлыптармен және (немесе) арнайы қауіпсіздік механизмдерімен қамтамасыз етілуі тиіс. Осы талаптарды сақтау балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шараларының бірі болып табылады.
Іс-шара барысында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Балаларды терезе маңында қараусыз қалдырмау, терезелерді ашық қалдырмау және арнайы қауіпсіздік бекіткіштерін пайдалану қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар тұрғындарға дрон арқылы ақпараттық хабарламалар жеткізіліп, балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу бойынша қауіпсіздік талаптары кеңінен түсіндірілді. Арнайы бекіткіштердің орнатылуы көрсетіліп, олардың тиімділігіне назар аударылды.
Жыл басынан бері осы бағытта бірқатар профилактикалық жұмыстар атқарылды. «Ізгі істер» акциялары аясында жеке кәсіпкерлермен бірлесіп, тұрғын үйлердің терезелеріне 209 терезе бекіткіштері орнатылды.
Көпқабатты тұрғын үйлерді аралау барысында 12 766-дан астам тұрғын қамтылып, 467 жиын өткізілді. Тұрғындарға қауіпсіздік талаптары бойынша 13 257 дана жадынама таратылды.
Сонымен қатар ата-аналардың WhatsApp чаттары, ОСИ және үй комитеттері арқылы тарату үшін «Көппәтерлі тұрғын үйдегі балалар қауіпсіздігіне бастайтын 5 қадам» атты брошюра әзірленді.
Балалардың қауіпсіздігі – ең алдымен ересектердің жауапкершілігі. Шымкент қаласы ТЖД ата-аналарды балаларды терезе маңында қараусыз қалдырмауға, терезелерге арнайы қауіпсіздік бекіткіштерін орнатуға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.
Бұл бағыттағы профилактикалық және түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жалғастырылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-shymkent/press/news/details/1276772?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау