Бразилиa, 2026 жылғы 19 тамыз — Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінде Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов пен «Оскар Нимейер» қорының Президенті Жозе Фернандо Апаресидо де Оливейраның кездесуі өтті.
Кездесу барысында қала құрылысы, заманауи сәулет мен дизайн, және сәулет-құрылыс салаларындағы мамандарды даярлау бағыттарында екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
Қор Президенті 2008 жылы Оскар Нимейердің Астана қаласында Мәдениет орталығы ғимаратының жобасын әзірлегенін атап өтті. Сондай-ақ, ол әйгілі сәулетшінің идеяларының өзектілігін атап өтіп, Нимейердің жобасын жүзеге асыруға бразилиялық тараптың қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Елші Болат Нүсіпов сұхбаттасына Астананың заманауи сәулеттік дамуы, сондай-ақ Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және институционалдық реформалар туралы баяндады.
Кездесу қорытындысы бойынша «Оскар Нимейер» қоры мен қазақстандық әлеуетті серіктестер арасында өзара қызығушылық тудыратын жобалар бойынша диалогты қайта жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Анықтамалық: «Оскар Нимейер» қоры (Fundação Oscar Niemeyer) — көрнекті бразилиялық сәулетші Оскар Нимейердің сәулет және мәдени мұрасын сақтау, қорғау және насихаттау мақсатында 1988 жылы құрылған коммерциялық емес ұйым. Қор сәулетшінің мұрасын сақтау, авторлық құқықтарды басқару, сондай-ақ заманауи сәулет пен қала құрылысына арналған көрмелер, дәрістер және білім беру бағдарламаларын ұйымдастырумен айналысады. Қордың бас кеңсесі мен мәдени кешені Рио-де-Жанейро штатының Нитерой қаласында орналасқан.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1276984?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау