Торттың ішінде «сыйлық»: ұялы телефондарды тәтті тарту ретінде алып өтпек болған
Досын туған күнімен ерекше құттықтамақ болған азамат тосын сыйды кәдімгі торттың ішіне жасыруды жөн көрген. Алайда тәтті сыйлықтың «ішкі мазмұны» қызметкерлер үшін күтпеген жаңалық болды.
Тортты тексеру барысында мекеме қызметкері оның ішінен қатты затты байқап қалған. Мұқият тексеру кезінде ол затты біртіндеп шығарып, целлофанға мұқият оралған орамды анықтады.
Орамның ішінен ұялы телефон мен әлі ашылмаған SIM-карта шықты. Тексеру жалғасқан кезде дәл осындай тағы бір жасырылған орам табылды. Яғни әр целлофанның ішінде бір-бір ұялы телефон және жаңа SIM-карта болған.
Сөйтіп, туған күнге арналған кәдімгі торттың ішінен «тәттіден» гөрі мүлдем басқа тосын сый шыққан. Бірақ бұл «сыйлық» белгіленген тәртіп бойынша мекеме аумағына кіре алмады.
Анықталған тыйым салынған заттар тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы және тыйым салынған заттарды беруге қатысы бар тұлғалар анықталуда.
«Тыйым салынған заттарды жасырып өткізу тәсілдері кейде адамды таңғалдырмай қоймайды. Бұл жолы ұялы телефондар мен SIM-карталар торттың ішіне жасырылған. Дегенмен қызметкердің қырағылығы мен мұқият тексеруі нәтижесінде күмәнді зат дер кезінде анықталды. Торттың сыртқы көрінісі тәтті болғанымен, оның ішіндегі «сыйлық» мүлдем басқа болып шықты», — деп түсіндірді ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінде атап өткендей, мекемелерге келіп түсетін барлық сәлемдемелер белгіленген тәртіппен тексеріледі. Қызметкерлер тыйым салынған заттардың мекеме аумағына жеткізілуіне жол бермеу мақсатында бақылау және тексеру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duis-vko/press/news/details/1276867?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау