Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында полиция қызметкерлері қоғамдық орындардың ластануына, абаттандыру ережелерінің бұзылуына және қалдықтардың заңсыз жиналуына жол бермеу мақсатында жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Жыл басынан бері облыстың қалалары мен елді мекендерінде, табиғи аумақтарда, көпшілік демалатын орындар мен туристік бағыттарда 930 рейдтік іс-шара өткізілді. Нәтижесінде полиция қызметкерлері 7 484 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Оның ішінде 7 352 дерек қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзуға байланысты болса, 135 факті қоғамдық орындарды ластауға қатысты. Сонымен қатар, қалдықтардың рұқсат етілмеген екі жиналу орны анықталды. Оларды жою үшін тиісті ақпарат уәкілетті және жергілікті атқарушы органдарға жолданды.
Полиция Каспий теңізінің жағалауына, туристік бағыттарға және тұрғындар мен қонақтар көп жиналатын демалыс орындарына ерекше назар аударуда. Келушілер санының артуына байланысты бұл аумақтарда қоршаған ортаның ластану қаупі де жоғарылайды. Осы учаскелердегі рейдтік іс-шаралар жалғасуда.
Сонымен қатар табиғатты қорғау полициясы экологиялық заңнаманың өзге де бұзушылықтарының жолын кесуде. Жылдың жеті айында 534 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз аң аулау, балық аулау қағидаларын бұзу, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін заңсыз пайдалану фактілері анықталды.
Экологиялық бағыттағы жұмыс өңірде жүргізіліп жатқан ауқымды шаралардың бір бөлігі болып табылады. Жыл басынан бері Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» акциясына 115 мыңнан астам адам қатысты. Іс-шаралар барысында 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Полиция азаматтарды абаттандыру қағидаларын сақтауға, демалғаннан кейін қоқыс қалдырмауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады. Аумақтардың ластануы және экологиялық заңнаманың басқа да бұзушылықтары туралы анықталған фактілерді құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1277386?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау