Ордабасы ауданында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы зор баспана мәселесін шешудің маңызды бағыттарының бірі – кредиттік тұрғын үймен қамту.
Қазіргі таңда аудан бойынша жалпы 152 кредиттік пәтер қарастырылған. Бүгінде аталған пәтерлер бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, 36 азамат Отбасы банктен мақұлдау алған.
Ал, қалған азаматтар бойынша табысты растау жұмыстары әлі де жалғасуда. Барлық 152 пәтер бойынша табысты растау толық аяқталғаннан кейін, бос қалған пәтерлерге жаңа конкурс өткізу мәселесі қаралады. Оның нақты қашан ашылатынын Отбасы банк ресми түрде жариялайды.
Кімдер қатыса алады?
Кредиттік пәтер алуға үміткерлерге бірқатар талап қойылады:
міндетті түрде тұрғын үй кезегінде тұруы қажет;
банктің талаптарына сәйкес несиелік тарихы болуы керек;
тұрақты табыс көзі болуы қажет;
табысы жеткіліксіз болған жағдайда, бір немесе екі адамды қоса қарыз алушы (созаемщик) ретінде тартуға болады;
санатына қарай тұрғын үйді 2% немесе 5% мөлшерлемемен ипотекаға рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.
Яғни, тұрғын үйге үміткер азаматтың кезекте тұруы ғана емес, оның банк талаптарына сай болуы және ипотекалық төлемді өтеуге жеткілікті табысын растауы да маңызды.
Баспана – әр отбасы үшін маңызды мәселе. Осы бағыттағы жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындарға қолжетімді әрі тиімді шарттармен баспана алуға мүмкіндік жасау.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1277256?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау