«18 тамыз – Қазақстан Республикасының Шекара қызметі» күні. Бұған дейін 29 мамырда аталып келген кәсіби мереке 2012 жылдан бастап 18 тамызға белгіленді. Бұл күн – ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп, мемлекеттік шекараның мызғымас беріктігін қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметшілерге құрмет көрсететін маңызды дата.
1992 жылы құрылған Қазақстанның шекара қызметі – елдің аумақтық тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі айрықша маңызы бар құрылым. Шекара шебіндегі қызмет сырт көзге байқала бермегенімен, оның жауапкершілігі орасан. Тәулік бойы сергектік таныту, кез-келген жағдайға дайын болу, әскери тәртіпті қатаң сақтау, шапшаңдық пен төзімділік таныту – шекарашы мамандығының басты талаптары.
Осынау айтулы күнге орай Жетісай қаласындағы орталық саябақта шекарашылардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара болып өтті.
Мерекелік шараға аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, құзырлы орган басшылары, шекарашы сарбаздар, сала ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі әскери қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, шекара қызметінің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
Салтанатты шарада ел шекарасын қорғау жолында табанды қызмет етіп жүрген бірқатар әскери қызметші аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Шара барысында аудан өнерпаздарының орындауындағы патриоттық әндер жиналған жұртшылыққа ерекше рух, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сондай-ақ шекарашы сарбаздар қызмет барысында қолданылатын жедел іс-қимылдар мен қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен арнайы көрсетілім ұсынды. Әскери қызметшілердің ширақ қимылы, тәртібі мен кәсіби дайындығы олардың шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрдайым дайын екенін аңғартты.
Іс-шара соңында мемлекеттің айбыны мен айбарын айқындайтын қасиетті шекараны күзету – үлкен жауапкершілік пен Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті талап ететін абыройлы міндет екенін ұғындыратын бейнероликтер көрсетілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1277259?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау