Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров бүгін 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды байқау үшін Қазақстанға келген халықаралық байқаушылар миссияларының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді.
Атап айтатын болсақ, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, ТҮРКПА-ның Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының төрағасы Осман Местеннің басшылығымен Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы миссиясымен кездесу өтті.
Сондай-ақ ОСК Төрағасы Қазақстанға ТМД атынан Байқаушылар миссиясының басшысы ретінде келген ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенкомен жүздесті.
Осы күні Нұрлан Әбдіров ШЫҰ Байқаушылар миссиясын басқаратын ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Т.Р. Мидхунмен сайлауды өткізуге дайындық барысын талқылады.
Күннің екінші жартысында ОСК Төрағасы Нуру Гулиев бастаған Түркі мемлекеттері ұйымы миссиясының мүшелерімен мазмұнды тақырыптарды қозғады.
Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Байқаушылар миссиясының үйлестірушісі әрі басшысы, Румыния Парламентінің мүшесі Габор Хайду және ЕҚЫҰ ПА делегациясының басшысы, Словения Ұлттық жиналысының депутаты Луция Тацер Перлинмен кездесті.
Келіссөздер барысында Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы байқаушыларға Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның негізгі ережелері туралы ақпарат берді. Нұрлан Әбдіров негізгі өзгерістердің бірі – бір палаталы Құрылтайға көшу екендігін атап өтті. Осыған байланысты алдағы сайлаудың маңызы ерекше, өйткені бұл – жаңа конституциялық модельді іске асырудың аса маңызды кезеңі және жаңартылған Конституция шеңберінде елдің жоғары өкілді органын алғаш рет қалыптастыратын сайлау.
Өз кезегінде, ТҮРКПА байқаушылары Қазақстанда азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған ауқымды реформалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Олар Қазақстанның барлық жетістіктерін тұтас түркі әлемінің ортақ жетістігі ретінде бағалайтынындығына тоқталды.
ТМД Миссиясының байқаушылары сайлауға, әсіресе өңірлерде, белсенді, жоспарлы әрі жүйелі дайындық жүргізіліп жатқанын атап өтті. Олар сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін лайықты жағдайлар жасау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
ШЫҰ миссиясының байқаушылары алдағы Құрылтай сайлауының тарихи маңызына тоқталды. Делегация басшысы мониторингтің объективті түрде және Қазақстанның егемендігін құрметтеу қағидаты негізінде жүргізілетінін атады.
ТМҰ миссиясының мүшелері сайлаудың жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтетініне және оның өңірлердің дамуына оң ықпал ететініне сенім білдірді. Делегация басшысы сондай-ақ Қазақстанда бұған дейін қабылданған жаңа Конституция еліміздің дамуындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
ЕҚЫҰ ПА делегациясының мүшелері де миссия жұмысының ұйымдастырылуына көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, Қазақстанның ұйым қызметіндегі ерекше рөлін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/election/press/news/details/1277730?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау