Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) өкілдері онлайн кездесу арқылы агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру саласында ынтымақтастықты күшейтудің басым бағыттарын талқылады.
Онда ауыл шаруашылығы саласындағы үдерістерді заманауи құралдар арқылы мониторингтеу, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары көмегімен алынатын деректерді цифрлық платформалар мен ақпараттық жүйелерге біріктіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар деректерді автоматты түрде жинау, өңдеу, жүйелеу және көрнекі түрде ұсынуға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдерді қолдану жолдарын қарастырды. Мұндай технологиялар ауыл шаруашылығы алқаптарының жай-күйі туралы ақпаратты жедел алуға, деректерді талдау мүмкіндіктерін кеңейтуге және болжам жасау сапасын арттыруға жол ашады.
Сондай-ақ кездесуде цифрлық құралдарды одан әрі жетілдіру және олардың агроөнеркәсіптік кешенде қолданыстағы ақпараттық жүйелермен тиімді өзара ықпалдастығын қамтамасыз ету мәселелеріне көңіл бөлінді.
Тараптар цифрлық технологиялардың ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік мониторинг пен басқарудың тиімділігін арттыруға айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті. Осы ретте заманауи шешімдерді енгізу, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және аграрлық секторда инновациялық технологияларды қолдану тәжірибесімен алмасу бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығы айтылды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ФАО арасындағы ынтымақтастық цифрлық құралдарды одан әрі жетілдіруге, деректердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенде тиімді әрі уақтылы шешімдер қабылдауға қажетті жағдайлар жасауға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1277780?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау