АУДАНДА ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ
🔱 Бүгін аудандық мәдениет үйінде «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында аудандық Тамыз кеңесі өтті.
🔱 Кәсіби басқосуға білім саласының ардагерлері, аудан прокуроры, мектеп директорлары мен ұстаздар, білім беру саласының қызметкерлері қатысты.
🔱 Жиын басталмас бұрын білім беру ұйымдарының жетістіктері мен шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде робототехника бағытындағы жобалар, оқушылардың қолөнер бұйымдары мен түрлі шығармашылық жұмыстары таныстырылды. Ал өнер мектебінің домбырашылары қонақтарды күймен қарсы алып, шараның мазмұнын ұлттық өнермен сабақтастырды.
🔱 Тамыз кеңесі – жаңа оқу жылы қарсаңында білім саласының өткен оқу жылындағы нәтижелерін саралап, алдағы міндеттерді айқындайтын дәстүрлі кәсіби басқосу. Биылғы жиында білім сапасын арттыру, адами капиталды дамыту, педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіру және жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру мәселелеріне басымдық берілді.
🔱 Шара барысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменованың Тамыз кеңесіне қатысушыларға арналған құттықтау бейнеүндеуі көрсетілді. Сонымен қатар мектеп оқушыларының орындауында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалды.
🔱 Кеңестің ашылуында аудан әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, білім саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
🔱 Аудан басшысы ұстаз еңбегінің ел болашағын қалыптастырудағы маңызына тоқталып, өткен оқу жылында қол жеткізілген жетістіктерді атап өтті. Сонымен қатар жаңа оқу жылында білім сапасын арттыру, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие жұмыстарын күшейту және педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты.
🔱 Одан әрі «2025–2026 оқу жылы бізге қандай нәтиже берді? Ал жаңа оқу жылында алдымызда қандай стратегиялық міндеттер тұр?» деген сауалдар төңірегінде аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Ердос Әбішев баяндама жасады.
«Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбы аясында ауданның білім беру саласында атқарылған жұмыстар сараланып, жаңа оқу жылына арналған негізгі міндеттер айқындалды.
🔱 Жиында Түркістан облысының білім басқармасы «Білім беруді дамыту» орталығының директоры Бахтыгүл Тастанбекова, аудан прокуратурасының прокуроры Ердос Әріпбай, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті Үздіксіз білім беру орталығының басшысы Рауан Бегалиева сөз сөйлеп, білім беру жүйесін дамытуға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Сондай-ақ жас мамандардың жетістіктері де назардан тыс қалмады. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің 2025 жылғы түлегі, қызыл диплом иегері, қазіргі таңда «Бәйтерек» жалпы білім беретін мектебінде еңбек етіп жүрген жас маман Айдын Аликулдың республикалық және халықаралық білім беру бағдарламалары мен жобаларындағы жетістіктері атап өтілді.
🔱 Тамыз кеңесі аясында білім беру саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен ұстаздар мен сала қызметкерлері марапатталды. Ордабасы аудандық білім бөлімінің зейнеткеріне Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Сонымен қатар бірқатар ұстаздарға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің және Түркістан облыстық білім басқармасының марапаттары тапсырылды.
🔱 Жиында аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков сөз сөйлеп, білім саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ұстаздарға шығармашылық табыс пен толағай жетістіктер тіледі.
🔱 Дәстүрлі Тамыз кеңесі білім саласының өткен оқу жылындағы жетістіктерін саралап, жаңа оқу жылындағы стратегиялық міндеттерді айқындаған маңызды кәсіби жиын болды.
🔱 Шара соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем ән орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1278338?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау