Исатай ауданында ақ кимешек киген әжелер сайлауға қатысып, азаматтық белсенділігін танытты. Аудан орталығы Аққыстау ауылдық округіндегі Аққыстау орта мектебінде орналасқан №133 сайлау учаскесіне таңертеңнен бастап тұрғындар келіп, өз таңдауларын жасауда.
Ұлттық нақыштағы ақ кимешек пен ақ жаулық жамылған әжелердің сайлау учаскесіне келуі ерекше көрініс болды. Олардың қатарында ұзақ жылдар бойы ұстаздық және қаржы саласында еңбек еткен ардагерлермен бірге жас келіндер де бар.
Ақ кимешек – қазақ халқының әжелерге деген құрметін айшықтайтын ұлттық киімнің бірі. Сайлауға ұлттық нақыштағы киіммен келуді кейінгі ұрпаққа өнеге деп санайтын дауыс берушілердің бірі – ардагер ұстаз Күлән Әженова.
«Бүгінгі сайлау – әр азамат үшін маңызды күн. Біз өз таңдауымызды жасап, елдің болашағына қатысты азаматтық ұстанымымызды білдіреміз. Ақ кимешек киіп, көпшілікпен бірге дауыс беруіміз – жастарға үлгі болсын деген ниет», – дейді Күлән Әженова.
№133 сайлау учаскесінде барлығы 1396 дауыс беруші тіркелген. Қазіргі таңда тұрғындар сайлау учаскесіне келіп, заңда белгіленген тәртіппен дауыс беруде.
Айта кетейік, дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1278493?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау