Маңғыстауда білім беру сапасы артып келеді: өңір ҰБТ нәтижелері бойынша рейтингтегі көрсеткішін жақсартты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Маңғыстау облысында білім беру саласын жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасуда.«Келешек мектептері» ұлттық жобасы, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы және демеушілердің қолдауы аясында өңірде 14 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның 13-і «Келешек мектептері» жобасы бойынша салынса, бір мектеп демеушілік қаражат есебінен бой көтерді. Сонымен қатар қолданыстағы мектептерге екі қосымша ғимарат салынды.

Жаңа білім беру нысандарының іске қосылуы үш ауысымда білім беретін мектептер санын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде олардың саны 10-нан 3-ке дейін азайды. Жаңа оқу жылында өңірдегі үш мектепте ғана 698 оқушы үшінші ауысымда білім алады.

Оқушылар санының жыл сайын артуына байланысты 2030 жылға қарай өңірдегі оқушылар саны 194 мыңнан 218 мыңға дейін өседі деп болжануда. Осыған орай жалпы сыйымдылығы 9 400 оқушы орны болатын тағы 7 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі уақытта Мұнайлы ауданында әрқайсысы 2 400 оқушы орнына арналған екі мектептің құрылысына арнайы мемлекеттік қордан қаражат бөлу мәселесі пысықталуда.

Мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары да жалғасуда. Жыл басынан бері 1 912 орынға арналған 24 жаңа балабақша ашылды. Бұдан бөлек жұмыс істеп тұрған алты мектепке дейінгі ұйымда қосымша 161 орын құрылды. Жыл соңына дейін тағы 350 орын ашу жоспарлануда.

Биыл мектепті 10 045 түлек тәмамдады. Оның 317-сі «Алтын белгі» төсбелгісіне ие болса, 673 түлек білім беру ұйымдарын үздік аттестатпен аяқтады.

Білім сапасы көрсеткіштерінде де оң динамика байқалады. Биыл Бірыңғай ұлттық тестілеуге мектептер мен колледждердің 9 мыңнан астам түлегі қатысты. Облыс бойынша орташа нәтиже 69,03 балды құрап, өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткішке жетті. Нәтижесінде Маңғыстау облысы республикалық рейтингтегі позициясын жақсартып, соңғы екі жылда 19-орыннан 13-орынға көтерілді.

Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Биылғы наурыз айында өңірде Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылды. Жаңа құрылым кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылық, буллинг және суицидтің алдын алу бағытындағы жұмыстарды үйлестіреді. Бұл балаларға қатысты мәселелерді ерте анықтап, олардың заңды мүдделерін қорғауға бағытталған шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Білім беру инфрақұрылымын дамыту, оқушыларға заманауи білім алу үшін қолайлы жағдай жасау, білім сапасын арттыру және балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейту Маңғыстау облысының әлеуметтік саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1278569?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version