Кентау қаласында жаңа оқу жылына дайындық барысын пысықтап, білім беру саласының алдағы міндеттерін айқындау мақсатында дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті.
Биылғы басқосу «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналды.
Жиынға Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, білім саласының ардагерлері мен қызметкерлері, мектеп директорлары, педагогтер, ата-аналар және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Конференция барысында өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіру, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру және жаңа оқу жылына қойылатын міндеттер талқыланды.
Жиында сөз алған қала әкімі Жандос Тасов білім саласы қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ұстаз еңбегінің қоғамдағы айрықша маңызына тоқталды. Сонымен қатар білім беру саласында еңбек етіп жүрген ұстаздарға шығармашылық ізденіс, кәсіби табыс және жаңа оқу жылында толағай жетістіктер тіледі. Басқосу барысында білім саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар педагогтерге құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды.
Кентау қаласы білім бөлімінің басшысы Әділ Ауелбеков «Білім сапасы – адам капиталын дамытудың негізгі факторы: 2025–2026 оқу жылының қорытындылары және 2026–2027 оқу жылының стратегиялық міндеттері» тақырыбында және қалалық аға прокурор Бақберген Абилкасимов «Қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында, «Өрлеу» БАҰО» АҚ «Түркістан облысы бойынша кәсіби даму институты» филиалының трейнері Айгул Айдосова «Білім берудегі ЖИ: педагог жұмысын автоматтандыруға көмектесетін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында баяндама жасады.
Жаңа оқу жылы – жаңа мақсаттар мен жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Кентау қаласының білім беру жүйесі үшін басты міндет – әр баланың сапалы білім алуына, шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға қолайлы жағдай жасау.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/1278869?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау