Көшеде сатылатын сусындар мен балмұздақ қаншалықты қауіпсіз?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жаз мезгілінде көшеде, саябақтарда, демалыс орындарында және сауда нүктелерінде салқын сусындар мен балмұздақтың саудасы қыза түседі. Ыстық күндері бұл өнімдерге сұраныс жоғары болғанымен, оларды сатып алу кезінде өнімнің қауіпсіздігіне назар аудару маңызды.

Көшеде сатылатын балмұздақ пен сусындардың қауіпсіздігі, ең алдымен, оларды сақтау және тасымалдау жағдайына байланысты. Әсіресе балмұздақ сияқты тез бұзылатын өнімдер белгіленген температуралық режимде сақталуы тиіс. Ауа температурасының жоғары болуы өнімнің тез бұзылуына әкелуі мүмкін.

Балмұздақ сатып алмас бұрын оның жарамдылық мерзімін, қаптамасының бүтіндігін және сыртқы түрін тексеріңіз. Егер өнімнің еріп, қайта қатқан белгілері байқалса, қаптамасы бүлінсе немесе өнімнің түсі, иісі мен консистенциясы өзгерсе, оны сатып алмаған дұрыс.

Көшеде сатылатын салқын сусындарға да назар аудару қажет. Зауыттық қаптамадағы сусындардың жарамдылық мерзімі мен таңбалануы болуы, қаптамасы бүтін сақталуы керек. Ал ашық түрде дайындалып немесе құйылып сатылатын сусындарды сатып алғанда, олардың қандай жағдайда дайындалатынына және сатылатын орынның санитариялық жағдайына мән берген жөн.

Кейбір сауда орындарында сусындар мұзбен бірге ұсынылады. Мұндай жағдайда мұздың ауыз су сапасындағы судан дайындалуы және оны сақтау кезінде санитариялық талаптардың сақталуы маңызды.

Сонымен қатар көшеде өнім сататын адамның жеке бас гигиенасын сақтауы, жұмыс орнының таза болуы және өнімдерді сақтау үшін қажетті жағдайлардың қамтамасыз етілуі маңызды.

Тұтынушыларға салқын сусындар мен балмұздақты тек заңды сауда орындарынан сатып алу ұсынылады. Өнімнің шығу тегі белгісіз, таңбалануы жоқ, жарамдылық мерзімі өткен немесе сақтау жағдайы күмән туғызатын өнімдерді сатып алмаған жөн.

Қауіпсіз тағам – денсаулық кепілі. Сондықтан ыстық күндері көшеден салқын сусын немесе балмұздақ сатып алғанда, ең алдымен оның қауіпсіздігіне көз жеткізіңіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-almaty/press/news/details/1279118?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version