МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВТІ ҚАБЫЛДАДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндалды.

Батыс Қазақстан облысының жалпы өңірлік өнімі 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 5 трлн теңгені құрап, үш жыл ішінде 13,6%-ға өсті. 2023 жылдан бері негізгі капиталға 2,3 трлн теңге инвестиция тартылды.

Мемлекет басшысына бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы толық ақпарат ұсынылды. Жақын арада Қарашығанақ кен орнында жылына 5 млрд текше метр газ өндіру қуатына ие газ өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Жайық өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын бастау көзделген.

Соңғы үш жылда облыста жалпы құны 138 млрд теңге болатын 121 жаңа әлеуметтік нысан салынды. Барлық деңгейдегі 1542 шақырым автомобиль жолы жөнделді. Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Сырым» автомобиль өткізу пунктін реконструкциялау жалғасуда. Жалпы құны 7,6 млрд теңге болатын төрт жаңа және реконструкцияланған теміржол вокзалы пайдалануға берілді.

Орал қаласында 60 жыл бойы жөндеу көрмеген алты кәріз сорғы станциясы жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы екі кәріз сорғы станциясын реконструкциялау аяқталады.

Сонымен қатар, 11,2 млрд теңгеге екі жылу магистралі жаңғыртылып, нәтижесінде 60 мың тұрғынды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. 7 мың шақырым электр желісі жаңартылып, олардың тозу деңгейі 82%-дан 75,4%-ға дейін төмендеді.

Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 320 млрд теңгеге жетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылғаннан бері 1414 жоба қаржыландырылып, 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

«Қаладан – ауылға» өңірлік бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге мыңнан астам адам қоныс аударды. Барлық 218 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, әлеуметтік қолдау шараларына ие болды.

Мемлекет басшысы өңірді одан әрі дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды жеделдету және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-informatization/press/news/details/1279142?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version