Түркістан облысында 2026 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің оң динамикасы сақталды. Есепті кезеңде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жоспар толық орындалып, өңір экономикасының тұрақты өсімі қамтамасыз етілді. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 124,1%-ды құрап, бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада көш бастады.
Өңірдің экономикалық өсіміне өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс және сауда салаларындағы жоғары көрсеткіштер айтарлықтай серпін берді.
Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 1 трлн теңгеден асты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 130,4% болды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде 502,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 146,2%-ды құрады. Жоспар артығымен орындалды.
Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 444 млрд теңгеге жетіп, өсім 119,1% деңгейінде қалыптасты.
Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 457,8 млрд теңгені құрап, өсім қарқыны 111,1%-ға жетті. Оның ішінде, мал шаруашылығында 321,6 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, өсімдік шаруашылығында 130 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Өңір экономикасының орнықты дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі – инвестициялық белсенділіктің артуы. Жыл басынан бері негізгі капиталға 1 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталып, өсім 137,5%-ды құрады. Бұл облыстың инвестициялық әлеуетінің жоғары екенін және жаңа өндірістер мен жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай қалыптасқанын көрсетеді.
Сауда саласында да тұрақты өсім байқалды. Сауда көлемі 587,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 124,7%-ға артты. Оның ішінде, бөлшек сауда көлемі 283,2 млрд теңгені, көтерме сауда 298,1 млрд теңгені құрады. Жоспарлы көрсеткіштер толық орындалды.
Құрылыс саласында атқарылған жұмыстардың көлемі 361,9 млрд теңгеге жетіп, өсім 125,7% болды. Есепті кезеңде 553,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,8% өсімді көрсетті.
Көлік және қоймалау қызметтерінің жалпы көлемі 183,1 млрд теңгеге жетіп, өсім 112,7% құрады.
Сонымен қатар байланыс қызметтері саласында да оң динамика қалыптасты. Аталған бағыттағы қызмет көлемі 7,6 млрд теңгені құрап, өсім 110,2%-ға жетті.
Жалпы, 2026 жылдың алғашқы 7 айындағы көрсеткіштер Түркістан облысының экономикасы тұрақты өсіп жатқанын көрсетеді.
Алдағы кезеңде негізгі міндет – қол жеткізілген оң динамиканы сақтап, экономиканы әртараптандыру, инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдету, жаңа өндіріс орындарын ашу, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1279143?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау