Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаев құқықтық сауаттылықты арттыру, адам құқықтары мен бостандықтарын түсіндіру және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының мазмұны мен маңызын таныстыру мақсатында Қызылорда облыстық мамандандырылған сәби үйінің ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында жаңа Конституцияның қоғам мен мемлекет дамуындағы маңызы, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық кепілдіктері, заң үстемдігі мен әділдік қағидаттары туралы түсіндірілді.
Өкіл жаңа Конституцияда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітілгеніне ерекше тоқталып, аталған конституциялық қағидаттың адам құқықтарын қорғау жүйесіндегі маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, Өкіл Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызметі, азаматтардың бұзылған құқықтарын қорғау тетіктері және Уәкілдің адам құқықтарын қорғау саласындағы өкілеттіктері туралы ақпарат берді.
Кездесу барысында Ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) қызметіне де ерекше назар аударылды. Өкіл ҰАТ-тың негізгі мақсаты азаптаудың және қатыгез, адамдық қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынастың алдын алу екенін түсіндірді.
Сондай-ақ ҰАТ қатысушыларының арнайы әлеуметтік және басқа да жабық немесе бару үшін арнайы жағдайлар талап етілетін мекемелерге профилактикалық барулар жүргізетіні, адамдардың құқықтарының сақталу жағдайларын зерделейтіні және анықталған мәселелер бойынша тиісті ұсынымдар әзірлейтіні түсіндірілді.
Кездесу соңында қатысушылардың сұрақтарына жауаптар беріліп, адам құқықтарын сақтау, балалардың құқықтарын қорғау және жаңа Конституцияда бекітілген құқықтық кепілдіктерді іске асыру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-kyzylorda-oblysy/press/news/details/1279094?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау