Қазақстанда сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі жаңғыртылады. Тиісті шаралар «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» жобасында көзделген. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарыққа қатысушылармен және сараптамалық қоғамдастықпен бірлесіп әзірледі.
Негізгі өзгеріс Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының (СТКҚ) кеңейтілген төлем моделіне көшуі болады.
Бүгінгі күні кепілдік беру жүйесі сақтандырудың барлық міндетті сыныптарын және өмірді сақтандырудың барлық жинақтаушы өнімдерін қамтиды. СТКҚ кепілдік беру резервтері 39,4 млрд теңгеге жетті. СТКҚ-ның негізгі функциялары таратылатын сақтандыру ұйымдарының клиенттеріне кепілдендірілген сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру және оны жаңа сақтандырушыға беру кезінде сақтандыру портфелін төлеу болып табылады.
Жаңа модель алдын алу тәсіліне негізделген. Егер сақтандыру ұйымында қаржылық тұрақсыздық белгілері пайда болса, СТКҚ лицензияны қайтарып алғанға дейін де реттеу процесіне қосыла алады. Бұл ықтимал тәуекелдерді алдын ала бағалауға, сақтандыру портфелін жаңа сақтандырушыға беру тетігін дайындауға және сақтанушылар үшін салдарларды барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Ол үшін СТКҚ кепілдік берілген сақтандыру портфелі туралы ақпаратқа қол жеткізеді және кепілдік беру жүйесіне қатысушылардың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізе алады. Осы деректер негізінде СТКҚ міндеттемелердің көлемін, қаржыландыру қажеттілігін бағалайды және сақтандыру портфелін беру сценарийлерін әзірлейді. Сонымен қатар міндетті жарналарды қалыптастыруға тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу жоспарлануда: сақтандыру ұйымының тәуекелі неғұрлым жоғары болса, оның жарналарының мөлшері соғұрлым жоғары болады.
Өзгерістер кепілдік беру жүйесінің қаржылық моделіне де әсер етеді. Сақтандыру портфелін жаңа сақтандырушыға берген жағдайда, егер оның меншікті активтері жеткіліксіз болса, СТКҚ таратылатын сақтандыру ұйымының активтері мен міндеттемелері арасындағы расталған тапшылықты жабады. Бұдан басқа, қор берілетін сақтандыру портфелін тәуелсіз актуарлық бағалауды ұйымдастыруды және таратылатын компанияның міндеттемелерін қабылдайтын сақтандыру ұйымының реттеушісімен келісу бойынша айқындауды қоса алғанда, сақтандырушыларды тарату кезінде қосымша өкілеттіктерге ие болады.
Сондай-ақ сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін жаңғыртуды дамыту үшін СТКҚ-ның жетекшілігімен Сақтандыру құзыреттерін дамыту орталығын құру көзделеді. Орталық сақтандыру нарығының мамандарын даярлау, сертификаттау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ андеррайтинг, шығындарды реттеу, тәуекел-менеджмент және сақтандыру делдалдығы саласындағы кәсіби құзыреттердің бірыңғай стандарттарын әзірлеу үшін бірыңғай салалық алаңға айналады.
Сақтандыру нарығындағы реформа шеңберінде ұсынылған бастамаларды іске асыру сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінің орнықтылығы мен тиімділігін арттыруға, сақтанушылар алдындағы міндеттемелерді орындаудың үздіксіздігін қамтамасыз етуге, кадрлық әлеуетті нығайтуға және Қазақстанның сақтандыру нарығын одан әрі дамыту үшін жағдайлар жасауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1278989?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау