Бүгін Қасқасу ауылдық округіндегі Б.Түлкиев атындағы мектепте көрнекті тұлға, елге еңбегі сіңген азаматша Оразбаева Болай Аманқызының есімі берілген акт залының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараның алғашқы бөлігінде жаңа акт залының лентасын қию рәсімі өтіп, игі бастамаға ақжолтай тілектер айтылды.
Шараға Болай Аманқызының ұлы Ділдәбек Оразбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-майор Ержан Исакулов, мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының корреспондент-мүшесі Анарбек Оңғар, «Айғақ» телерадиокомпаниясының басшысы, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, Қазақстанның құрметті журналисі, облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлегенов, Қасқасу ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхиддин Әлімқұлов және ауыл тұрғындары қатысты.
Сонымен қатар, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті ректорының және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті проректорының құттықтаулары жолданып, шара барысында қатысушыларға жеткізілді.
Кездесу барысында Болай Аманқызының өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі, адамдық болмысы мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі туралы жылы естеліктер айтылды. Ана есімін ардақтау, оның ғибратты ғұмырын жас ұрпаққа үлгі ету бағытында тағылымды әңгімелер өрбіді.
Шара барысында өнерпаздар ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шара соңында Болай Аманқызының ұлы Ділдәбек Оразбаев сөз сөйлеп, анасының есімін ұлықтап, осындай игі бастаманың жүзеге асуына атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.
Жаңа акт залы білім ордасының мәдени-рухани өмірінің маңызды орталығына айналып, жас ұрпаққа тағылым беретін, өнеге мен тәрбиені ұштастыратын киелі орын болсын!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-tolebi/press/news/details/1279769?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау