1 қыркүйектен бастап алғашқы әскери дайындық пәні жаңартылған бағдарламамен өтеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің мектептерінде алғашқы әскери дайындық (АӘД) пәні жаңартылған бағдарлама бойынша оқытылады.

Астанада өткен республикалық секцияда пәннің жаңа мазмұны, оқытудың заманауи әдістері мен педагогтердің кәсіби даярлығына қойылатын талаптар таныстырылды.

Қазақ ұлттық спорт университетінде «Алғашқы әскери дайындықтың заманауи моделі: мазмұны, технологиялары және педагогтің кәсіби дамуы» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылды. Оған Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен келген әдіскерлер мен АӘД пәнінің оқытушылары қатысты.

Секция барысында қатысушыларға пән мазмұнына енгізілген негізгі өзгерістер, заңнамадағы жаңалықтар және педагогтерді даярлау жүйесіндегі жаңа талаптар таныстырылды. Мұндай жаңашылдықтар әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге бағытталған. Олар 2025 жылғы шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістерге негізделген.

– 1 қыркүйектен бастап пән «Алғашқы әскери дайындық» атауын қайта иеленіп, оқыту форматы түбегейлі өзгереді. Бұл өзгерістер пәннің мазмұнына және педагогтерді даярлау тәсілдеріне де қатысты. Енді оқытушылардың біліктілігін арттыру әскери оқу орындарында ұйымдастырылады. Бұл олардың практикалық даярлығын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек заңнамада педагогтердің әскери өтілі болуы да қарастырылған, – деді Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары майор Людмила Перякина.

Іс-шара барысында әдіскерлер, PhD докторлары мен профессорлар алғашқы әскери дайындықты ұйымдастырудың және әскери-патриоттық тәрбиенің заманауи тәсілдерімен бөлісті. Жастарды әскери қызметке даярлау, педагогтердің жаңа кәсіби құзыреттерін қалыптастыру және олардың біліктілігін үздіксіз арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Оқу үдерісін цифрландыру басты бағыттардың бірі болды. Педагогтерге оқу материалдарын, бағалау құралдары мен ситуациялық тапсырмаларды әзірлеу кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану жолдары көрсетілді. «Заманауи АӘД сабағы: оқу міндетінен цифрлық сценарийге дейін» атты практикалық демонстрация барысында қатысушылар тактикалық симуляторлар мен цифрлық білім беру шешімдерін қолдану мүмкіндіктерімен танысты.

Бұдан бөлек, АӘД сабақтарында ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар технологияларын оқыту әдістері, қосымша білім беру жүйесіндегі жастардың әскери қызметке дейінгі даярлығын ұйымдастырудың заманауи тәсілдері, әскери-спорттық және әскери-қолданбалы жарыстарды білім беру үдерісінде тиімді пайдалану жолдары да айтылды.

Секция соңында АӘД пәнінің үздік оқытушылары марапатталды. Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев педагогтерге Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің атынан грамоталар табыс етті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1279978?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version