Сарыағаш ауданында тұрғындармен кездесулер барысында көтерілген мәселелерді шешу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Халықтың ұсыныстары негізінде елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылуда.
Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тұрғындармен кездесуі кезінде Жібек жолы ауылдық округіндегі балалар мен жастарға арналған спорттық нысандарды көбейту мәселесі көтерілген болатын. Бүгінде аталған ұсыныс негізінде ауылдық округтің 2 елді мекенінде спорт және балалар ойын алаңдарының құрылысы жүргізілуде.
Осы ретте, аудан басшысы салынып жатқан нысандардың құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады.
Жібек жолы елді мекенінде воркаут және балалар ойын алаңшасы сонымен қатар, Дихан баба елді мекенінде кіші спорт алаңы, воркаут және балалар ойын алаңшаларының құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандардың құрылысын «DARA2025» ЖШС жүзеге асыруда. Құрылыс жобаларында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және нысандарды тиімді пайдалануға қажетті жағдайлар қарастырылған. Алаңдарда балаларға арналған ойын жабдықтары, сырғанақтар мен әткеншектер, спортпен айналысуға арналған жаттығу құралдары орнатылып, аумақтар жарықтандырылады.
Айта кетсек, жаңа нысандардың іске қосылуы ауыл тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына, балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, елді мекендерде бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындар үшін қолайлы қоғамдық орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1280688?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау