ҚР Туризм және спорт министрлігі кешенді жарыстарда қазақстандық спортшыларға ілесіп жүретін делегациялар құрамын реттейтін норматив бекітті. Тиісті жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша жүргізілді.
Бұған 2020 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарына дайындалуға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит негіз болды.
Тексеру барысында ұлттық делегация құрамын жасақтау кезінде бір спортшыға қанша жаттықтырушы, дәрігер, массажист, психолог, штаб өкілі және ресми тұлға тиесілі болу керектігі жөнінде бекітілген нақты бағдар болмағаны анықталды. Ілесіп жүретін персоналдың саны әр жағдайда жеке айқындалып келген. Бірыңғай әдіснамалық негіз қолданылмаған. Соның салдарынан оларды іссапарға жіберуге жұмсалатын шығындардың негізділігін бағалау мүмкін болмады.
Аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата бейінді министрлікке кешенді спорттық іс-шараларға, оның ішінде Олимпиада ойындарына, Азия ойындарына және басқа да ірі жарыстарға баратын спортшылар санына шаққанда жаттықтырушылар, клиникалық-ғылыми топ, штаб өкілдері мен ресми тұлғалардың оңтайлы сандық арақатынасын белгілеуді тапсырды.
Нәтижесінде Туризм жәнеспорт министрінің 2026 жылғы 8 шілдедегі бұйрығымен жаңа норматив бекітілді. Енді делегация құрамы нақты белгіленген арақатынас негізінде жасақталады. Бұл шығындарды алдын ала жоспарлауға және олардың негізділігін тексеруге мүмкіндік береді. Спортшылармен тікелей жұмыс істейтін жаттықтырушы және медицина блогының мамандарына басымдық беріледі.
Қабылданған шара бюджет шығыстарының ашықтығын арттыруға, оларға бақылау жасауды күшейтуге және спорт делегацияларына жұмсалатын негізсіз шығындар тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/1280150?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау