14 тамыз күні Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта кітап оқуды насихаттауға, оқырмандардың әдеби-танымдық қызығушылығын арттыруға бағытталған «Кітап әлемі: ойлы ұрпақ алаңы» кітапханалық вайб шарасы ұйымдастырылды. Ашық аспан астында өткен мәдени-танымдық шара кітап пен заманауи мәдениетті, әдебиет пен шығармашылықты, ұлттық құндылықтар мен жаңа технологияларды тоғыстырған интерактивті алаң болды.
Іс-шараны тамашалауға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлдана Серікбаева арнайы келді.
Шара барысында Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен бірқатар мазмұнды кітап экспозициялары көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, «Жамбыл Жабаевтың құнды жинақтары» көрмесінде ақынның сирек қорда сақталған, шамамен 80 жыл бұрын Алматы мен Мәскеу қалаларында жарық көрген 7 бірегей басылымы таныстырылды. Сонымен қатар «Жыр алыбы – Жамбыл: кітап әлеміне саяхат», «Жаңа форматтағы кітап: ЖИ мүмкіндіктері», «24 қаламгер – 24 әдеби әлем», «2026: мерейтой иелері – әдебиет пен өнер тұлғалары» және «Саябақтағы кітапхана: кітапқа бір қадам» экспозициялары ұсынылды.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Зерде – ойын алаңында» кітап пен әдебиетке қызығушылықты арттыратын интерактивті ойындар ұйымдастырылды. Қатысушылар «Мақалды тап», «30 секундтық оқырман», «Кім жылдам?», «Кітапты тап» секілді ойындар арқылы білімдерін сынап, тапқырлықтарын танытты. Ал «Кітап – асыл қазына» әдеби алаңында кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Кітап – адамзаттың рухани қазынасы» атты әдеби-танымдық кеш өткізілді.
Шара аясында кітап жәрмеңкесі де жұмыс істеді. Қайрат Рысқұлбеков ескерткішінің жанында «Кітап ал» және «Ш.Мұртаза» кітап дүкендерінің қатысуымен ұйымдастырылған жәрмеңкеде келушілер заманауи және классикалық әдебиеттермен танысып, өз қызығушылықтарына сай кітаптарды сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Кітапханалық вайбтың ерекше бөлігі – облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының «Тактильді аймағы» болды. Мұнда тактильді кітаптар мен арнайы басылымдар таныстырылып, «Табиғаттағы кітапхана» аудиокітап алаңында келушілер табиғат аясында шығармалардың аудионұсқаларын тыңдады. Сондай-ақ «Алдар Көсе дастарханы» BOOK Асханасында ұлттық тағамдар мен әдеби шығармаларды байланыстыратын танымдық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген қатысушыларға қымыз, құрт, бауырсақ секілді ұлттық тағамдар ұсынылды.
Шараның басты мақсаты – кітапты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру, жастардың оқуға деген қызығушылығын арттыру және кітапхананы білім, мәдениет пен жаңа идеялар тоғысатын заманауи орта ретінде таныту. Келушілер көрмелерді тамашалап қана қоймай, кітапхана қызметтерімен танысып, жаңа оқырман ретінде тіркеліп, өздері таңдаған кітаптарды үйге алып оқу мүмкіндігіне ие болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/1280609?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау