Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, қайтыс болған асыраушысының асырауында болған отбасының еңбекке жарамсыз мүшелеріне асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.
Ал егер қайтыс болған адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болса, отбасы мүшелеріне асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем де берілуі мүмкін.
Жәрдемақы алуға, ең алдымен, қайтыс болған адамның балалары, асырап алған балалары құқылы.
Егер 18 жастан асқан балалары күндізгі оқу нысанында білім алып жатса, жәрдемақы оқуын аяқтағанға дейін, бірақ 23 жасқа толғаннан аспайтын мерзімге тағайындалады. Академиялық демалыста болған кезең де ескеріледі.
Жәрдемақы мөлшері отбасыдағы еңбекке қабілетсіз мүшелердің санына байланысты есептеледі.
Мысалы, бір адам болған жағдайда — ең төмен күнкөріс деңгейінің 0,92 мөлшері 46783 теңге,
екі адамға — 1,70, 86447 теңге
үш адамға — 2,25, 114415 теңге
төрт адамға — 2,60, 132213 теңге
бес адамға — 2,75 139841 мөлшері белгіленген.
Ал алты және одан да көп еңбекке қабілетсіз отбасы мүшесі болса, жәрдемақы 3 ең төмен күнкөріс деңгейінде (152553 теңге ) көлемінде белгіленіп, олардың арасында тең бөлінеді.
Жәрдемақы тағайындау үшін өтінішті тұрғылықты мекенжайы бойынша Мемлекеттік корпорацияның халыққа қызмет көрсету бөлімдері арқылы беруге болады. Сонымен қатар жәрдемақы проактивті түрде де көрсетіледі.
Жәрдемақы алушы Мемлекеттік корпорациядан жәрдемақыны тағайындау мен алу тәртібі туралы ақпаратты тегін сұрата алады. Сондай-ақ мемлекеттік органның шешімдеріне немесе әрекетсіздігіне заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
Сонымен бірге алушы жәрдемақы мөлшеріне немесе оны төлеуді тоқтатуға әсер ететін жағдайлар туралы уақтылы хабарлауға міндетті. Хабарлау уақыты ережеге сәйкес 10 жұмыс күнін құрайды.
Қорыта айтқанда, асыраушысынан айырылу — отбасының тұрмыс-тіршілігіне айтарлықтай әсер ететін күрделі жағдай. Осындай қиын кезеңде мемлекет азаматтарды әлеуметтік қолдаусыз қалдырмайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-zhetysu/press/news/details/1280120?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау