«Organic Fish» серіктестігі теңіз аквашаруашылығын дамыту жобасын іске асыруды жалғастыруда. Кәсіпорын Каспий теңізінің терең сулы бөлігінде заманауи торлы технологияларды қолдана отырып, бағалы албырт тұқымдас балықтарды өсіруге маманданған.
Алғашқы үш теңіз торы былтырғы жылғы қыркүйекте орнатылды. Әр тордың диаметрі 38 метрді құрайды. Оларға жалпы салмағы 20 тонна болатын 95 мың дана шабақ жіберілді. Өсіру кезеңінде балықтар теңіз жағдайына сәтті бейімделіп, олардың орташа салмағы бастапқы 200 грамнан 1,8–2,5 килограмға дейін артты.
Кәсіпорын алғашқы 150 тонна тауарлық балықты ағымдағы жылдың қыркүйегінде алуды жоспарлап отыр. Өнім ішкі нарыққа бағытталады. Бұл отандық балық өнімінің ұсынысын арттырып, ел ішінде балық өндіру мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Өндіріс қуатын кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Болашақта кәсіпорын жылына 5 мың тонна тауарлық балық өндіру көлеміне жеткізуді жоспарлап отыр.
Ағымдағы жылы бөлінген учаскелерге тағы үш теңіз торы орнатылады. Оларды іске қосып, кейін балықтандыру жұмыстарын қыркүйек айының басына дейін аяқтау жоспарланған.
Осылайша, торлардың жалпы саны алтыға жетеді. Жыл соңына дейін оларға 470 мың дана шабақ жіберу жоспарланып отыр. Шабақтардың орташа салмағы 200–300 грамм болған кезде, жалпы биомасса 114 тоннаны құрайды.
Алдағы уақытта кәсіпорын торлардың санын және өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттырады. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы тауарлық балық өндірісінің көлемі 1,3 мың тоннаны құрайды. Ал 2028 жылы өндірісті жылына 5 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Каспий теңізінде торлы әдіспен балық өсіру саланың жаңа технологиялық құзыреттерін қалыптастырып, Қазақстанда балықты өнеркәсіптік өндіру көлемін арттыруға жағдай жасайды.
Өндірістің ұлғаюына қарай жоба өңірдегі балық шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттарының біріне айналып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге үлес қосатын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1280461?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау