Достық үйінде инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелері талқыланған форум өтті. Оған прокуратура органдарының, мемлекеттік органдардың өкілдері, бизнес өкілдері және өңірдің 100-ге жуық инвесторы қатысты.
Форумды ашқан Павлодар облысының прокуроры Алмат Байшолақов инвестициялық ахуалды нығайту үшін мемлекет пен бизнестің тиімді өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараға өңір басшысы Асайын Байханов қатысты. Өз сөзінде ол инвестиция тарту – бұл өңірдің қаржылық әлеуетін арттыру ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашудың, өндірісті дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың негізі екенін атап өтті.
– Біз үшін инвестицияның көлемі ғана емес, сапасы да маңызды. Біздің басты міндетіміз – жобаларды іске асыру және жұмыс жүргізу үшін барынша қолайлы жағдай жасау, – деді облыс әкімі.
Бүгінде Павлодар облысының инвестициялық портфелінде жалпы құны 12 трлн теңгеден асатын 161-ден астам жоба бар. Оларды іске асыру нәтижесінде 30 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Инвестициялық жобалар экономиканың негізгі салаларын қамтиды. Атап айтқанда, энергетика, машина жасау, көмір химиясы, мұнай-химия, металлургия, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика, туризм, экология және басқа да бағыттар. Өңір жаңа инвесторлар үшін ашық және мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларын, сондай-ақ қажетті инфрақұрылымдық шешімдерді ұсынуға дайын.
Форумда прокуратура органдары тарапынан бизнесті қорғау тетіктеріне де ерекше назар аударылды. Әкімшілік кедергілерді жою бағытындағы жұмыстың тәжірибелік нәтижелері туралы айтылды.
Форумда талқыланған өзекті мәселелердің бірі – инвестициялық жобаларды электр қуатымен қамтамасыз ету болды. Өңірдің энергетикалық әлеуеті айтарлықтай болғанына қарамастан, жекелеген жобалар бос электр қуаттарының болмауы немесе электр желілерінің өткізу қабілетінің шектеулі болуына байланысты қиындықтарға тап болуы мүмкін.
Осыған байланысты прокуратура облыс әкімдігімен бірлесіп, «Инвестициялық жобаларға арналған өңірлік энергетикалық резерв» пилоттық тетігін сынақтан өткізетін болады. Оның мақсаты – өңірдің инвестициялық портфелін энергетикалық мүмкіндіктермен алдын ала сәйкестендіріп, жобаларды жоспарлау кезеңінде қолжетімді қуаттарды, қосылу орнын және оларды қамтамасыз ету мерзімдерін айқындау.
Іс-шара барысында кәсіпкерлер инвестициялық жобаларды іске асыру тәжірибесімен бөлісіп, өзекті мәселелерді ортаға салды. Қатысушылар бизнестің, жергілікті атқарушы органдар мен прокуратураның тиімді өзара іс-қимылы әкімшілік кедергілерді уақтылы анықтауға, инвесторлардың құқықтарын қорғауға және өңірде жобаларды ұзақ мерзімді іске асыруға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1280562?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау