Қарағанды облысының ТЖД-де суға батып бара жатқан баланы құтқару кезінде батылдығы мен жедел әрекеті үшін 13 жастағы Нұралы Әлханды марапаттау рәсімі өтті. Нұралы марапаттау рәсіміне отбасымен бірге келді.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтың бұйрығымен Нұралы Әлхан «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» ведомстволық медалімен марапатталды.
Облыстық ТЖД бастығы генерал-майор Марғұлан Аманбаев жасөспірімге көрсеткен ерлігі үшін жеке алғысын білдіріп, оның әрекеті шынайы құрметке лайық екенін және құрдастарына үлгі болатынын атап өтті. Сонымен қатар Департамент атынан оған естелік сыйлық табысталды.
Еске сала кетейік, оқиға ағымдағы жылдың тамыз айында Семізбұғай көлінде орын алған. Демалыс кезінде қатты желдің екпінінен кішкентай бала отырған үрлемелі матрас аударылып кеткен. Суға құлаған бала бата бастаған. Оқиға орнында Нұралы Әлхан да болған. Жасөспірім абдырап қалмай, ойланбастан көмекке ұмтылған. Ол жедел әрі батыл әрекетінің арқасында баланы дер кезінде жағаға шығарып, қайғылы жағдайдың алдын алды. Оқушының ерлігі туралы алғаш болып әлеуметтік желі қолданушылары хабарлаған. Оқиға көпшіліктің назарын аударып, шынайы батылдық пен бейжай қалмаудың үлгісіне айналды.
Қарағанды облысының ТЖД жас батырға батыл әрекеті мен адам өмірін құтқаруға деген жауапкершілігі, қиын сәтте тайсалмай, көмекке ұмтылғаны үшін үшін алғыс білдіреді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-karaganda/press/news/details/1280620?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау