Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі салықтық жеңілдіктерді есепке алуды ауқымды цифрландыру туралы хабарлайды. Жаңа түзетулердің негізгі мақсаты – бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдауды түсінікті, ашық, экономикалық тұрғыдан нәтижелі әрі тиімді ету.
Қазақстанда бірыңғай мемлекеттік цифрлық дерекқор – Салықтық жеңілдіктер тізілімі құрылуда. Ол бюджет кірістерінің азаюы түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты толық жүйелеуге мүмкіндік береді. Тізілімді жүргізу арнайы baqylauda.Qoldau.kz веб-порталы арқылы қамтамасыз етіледі.
Бірыңғай цифрлық есепке алу салықтық жеңілдіктер беру туралы шешімдердің негізділігін арттыруға оң әсер етеді.
Салалық мемлекеттік органдардың салықтық жеңілдікті енгізу қажеттілігі жөніндегі барлық негіздемелері цифрлық форматқа көшіріледі, ал жеңілдіктерді қолдану мақсаттарының белгіленген өлшемшарттары салық органдарына берілген салықтық жеңілдіктердің нәтижелілігі мен тиімділігін бағалау кезінде пайдаланылады.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес өлшемшарттарға мыналар жатады:
1) бюджеттік тиімділік (алынған салықтардың салықтық жеңілдіктің мөлшеріне арақатынасы);
2) тұрақты жұмыс орындарын ашу және сақтау;
3) өндіріс пен экспорттың өсуі;
4) инвестициялардың салықтық жеңілдіктерге арақатынасы;
5) инновациялық және технологиялық даму.
Бұл ретте әрбір жеңілдіктің нақты пайдасын түсіну үшін мемлекет тек ресми мемлекеттік статистиканы ғана емес, мемлекеттік және мемлекеттік емес цифрлық жүйелердің бастапқы деректерін де пайдаланатын болады. Осы мақсатта арнайы baqylauda. Qoldau.kz веб-порталы 70-тен астам есепке алу және фискалдық дерекқорлармен және цифрлық жүйелермен интеграцияланған.
Осылайша, процесс бақылауға алынатын болады. Тізілім салықтық жеңілдіктердің тиімділігіне сапалы мониторинг пен бағалау жүргізуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте бизнес үшін барынша түсінікті жұмыс істеу қағидалары белгіленеді. Егер экономиканың тиісті салаларында кәсіпкерлер салық төлеп, өндірісті дамытып, қаражат салып, инновациялар мен технологияларды енгізетін болса, онда салықтық жеңілдіктер нәтижелі әрі тиімді деп бағаланады. Кері жағдайда оларды одан әрі ұсыну мәселесі қайта қаралатын болады.
Бұл ретте цифрлық тізілімнің өзі тек ақпараттық-есепке алу сипатында болады және жеңілдіктер алуға қосымша кедергілер жасамайды. Қорыта айтқанда, қажетті ақпаратты жинау толығымен цифрлық және проактивті түрде жүзеге асырылады – бизнеске анықтамалар, үзінді көшірмелер және басқа да есептілікті жинап, ұсынудың қажеті болмайды. Мұның барлығын салық қызметі өздігінен жинап, өңдейді.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде атап өткендей, барлық жаңашылдықтар – Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы қадам. Азаматтар жеңілдіктерге байланысты бюджетке түспеген салықтардың жоғалып кетпейтініне, керісінше, бизнестің оларды ұлттық экономиканы дамытуға – инвестицияларды ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс пен экспорт көлемін арттыруға, жаһандық бәсекелестіктің күшеюі жағдайында ұлттық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағыттайтынына сенімді бола алады.
Жаңашылдықтар ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді. Салықтар елдің дамуына жұмыс істеуі тиіс, ал жаңа цифрлық Тізілім осы бақылауды қамтамасыз етудің негізгі құралына айналады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1280085?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау