СОЗАҚТА ҰСТАЗДАРДЫҢ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында ұстаздардың дәстүрлі аудандық тамыз кеңесі өтті.
Жаңа оқу жылы қарсаңындағы маңызды жиын Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталды. Сондай-ақ шара барысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың ұстаздарға арналған құттықтауы бейнебайланыс арқылы ұсынылды.
Кеңеске арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков барша ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтап, білім саласының ел болашағын қалыптастырудағы айрықша рөліне тоқталды.
– Тамыз айы – ұстаздар қауымы үшін жаңа оқу жылына тың серпінмен қадам басып, алдағы міндеттерді айқындайтын ерекше кезең. Білім – ел болашағының берік іргетасы болса, сол іргетасты қалайтын ең басты тұлға – ұстаз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім саласына айрықша мән беріп, педагог мәртебесін үнемі жоғары бағалап келеді. Президентіміз «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» деп атап өткен болатын. Бұл – ұстаз еңбегіне берілген үлкен баға әрі зор жауапкершілік, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, аудандағы білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді атап өтті.
Жиында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова ұстаздарға ізгі тілегін жеткізді.
Созақ аудандық білім бөлімінің басшысы Абай Өтебаев өткен оқу жылындағы жетістіктерге кеңінен тоқталып, білім саласының негізгі көрсеткіштері мен нәтижелерін саралады. Сондай-ақ 2026-2027 оқу жылының ерекшеліктері, өзекті мәселелері мен алдағы міндеттер жөнінде баяндама жасады.
Тамыз кеңесінде жаңа оқу жылындағы білім сапасын арттыру, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, педагогтердің кәсіби әлеуетін жетілдіру бағытындағы міндеттер айқындалды.
Жиын барысында білім саласына еселі еңбек сіңірген бірқатар ардагерлер мен ұстаздар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, облыс және аудан әкімдерінің, облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінің марапаттарына ие болып, құрмет көрсетілді.
Шара соңында қонақтар «Мыңжылқы» мәдениет үйінде ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалап, жергілікті жастардың қолынан шыққан роботтар мен түрлі инновациялық жобалармен танысты.
Айта кетейік, өткен оқу жылында ауданымыздағы мектептерді 1065 түлек тәмамдады. Оның ішінде 79 түлек «Алтын белгі», 70 түлек үздік аттестат иеленді. Бүгінде ауданның білім беру ұйымдарында 2613 педагог еңбек етуде. Ауданда 35 мектеп пен 39 балабақша жұмыс істейді. Ал биыл білім әлеміне алғашқы қадамын жасайтын 1360 бүлдіршін бірінші сыныпқа қабылданды.
Білім беру нысандарының жағдайын жақсарту бағытында да бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. А.Сүлейменов, Ә.Молдағұлова, Уәлиханов және Макаренко атындағы жалпы білім беретін мектептердің ғимараттарында терможаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. «KATКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының қолдауымен 20 дәрісхана толық жабдықталды. Ал білім саласының ардагерлері мен ауданымыздың жанашыр азаматтарының демеушілігі арқылы 122 оқу кабинеті заманауи талаптарға сай жаңартылды.
Қызылкөл ауылындағы М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепте оқушылардың шығармашылық және еңбек дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін қосымша акт залы мен шеберхана салынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-suzak/press/news/details/1280129?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version