Сарыағаш ауданында тұрғындардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және халыққа қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, аудан әкімінің халықпен кездесулері барысында тұрғындар тарапынан көтерілген балаларға арналған ойын және спорт алаңшаларын көбейту жөніндегі ұсыныстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Осыған байланысты Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласында салынып жатқан бірқатар балалар ойын және спорт алаңшаларының құрылыс жұмыстарын аралап, нысандардың қазіргі жағдайымен танысты. Балалардың қауіпсіздігі бірінші кезекте тұруы тиіс екенін атап өтіп, орнатылатын барлық жабдықтардың сапасы мен беріктігін мұқият тексеруді тапсырды.
Мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар берілді. Сарыағаш қаласының әкімі А. Ешанқұлға құрылыс нысандарын тұрақты бақылауда ұстау, жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізілуін қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар пайдалануға берілетін нысандарды белгіленген тәртіппен уақтылы қабылдап алу, аумақтардың санитарлық тазалығын сақтау және тұрғындар арасында балалар ойын және спорт алаңдарын ұқыпты пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру міндеттелді.
Қазіргі таңда Сарыағаш қаласына қарасты С. Дүйсебаев көшесіндегі балалар ойын алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға беруге дайын. Нысанды пайдалану барысында тұрғындар тарапынан ойын жабдықтарының бүлінуіне байланысты бірқатар элементтерге зақым келген. Аталған кемшіліктер мердігер мекеме тарапынан бүлінген ойын жабдықтары қайта ретке және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Нысанның құрылыс жұмыстарын «AIN DEVELOPMENT» ЖШС жүзеге асырған.
Ал Қ. Дүйсебаев көшесінде балаларға арналған ойын алаңының құрылысы қазіргі таңда жалғасуда. Құрылыс жұмыстарын «TAT HOLDING» ЖШС жүргізуде.
Бұдан бөлек, аудан әкімі Шу және Ұлытау көшелеріндегі балаларға арналған спорт және ойын алаңының құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған аумақта балалар ойын алаңы, шағын футбол алаңы және воркаут аймағын орнату жоспарланған. Нысанның құрылысын «DARA 2025» ЖШС жүзеге асыруда.
Балалар ойын алаңдарында сырғанақтар, әткеншектер және түрлі ойын элементтері, ал спорттық аймақтарда жаттығу құрылғылары мен шағын футбол алаңдары орналастырылады. Сонымен қатар аумақтарды кешкі уақытта қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік беретін жарықтандыру жүйелері қарастырылған.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1281063?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау