Қарағанды облысында полиция мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеріп жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысында полицейлер жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердегі қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеріп жатыр. Негізгі мақсат – балалардың мектепке барар жолында да, білім беру ұйымдарының аумағында да қауіпсіз орта қалыптасуын қамтамасыз ету.

Мектептердің дайындығын Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров тексерді. Жұмыс барысында балалар үшін қауіп-қатері жоғары болуы мүмкін учаскелерге, соның ішінде мектеп маңындағы жолдарға, жаяу жүргіншілер өткелдеріне, ғимараттардың кіреберістеріне және шұғыл әрекет ету жүйелерінің жұмысына ерекше назар аударылды.

Тексеру кезінде жаяу жүргіншілер өткелдерінің жай-күйі, жол белгілері мен жол таңбаларының болуы және олардың талапқа сай көрінуі, кіреберістегі турникеттердің жұмысы, бейнебақылау камераларының жарамдылығы, дабыл түймелерінің болуы мен жұмыс істеуі, сондай-ақ күзет қызметінің дабыл белгісіне жедел әрекет етуге әзірлігі қаралады.

Қарағанды облысында 420 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 207-сі автомобиль жолдарының бойында орналасқан. Осыған байланысты мектептерге апаратын жолдардағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету полицияның басты назарындағы бағыттардың бірі болып отыр.

– Біз мектептер маңындағы жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты барлық мәселені қайта пысықтап, тексеріп жатырмыз. Әсіресе жаяу жүргіншілер өткелдеріне, жол белгілері мен жол таңбаларына ерекше мән береміз. Қажет болған жағдайда оларды жаңарту жөнінде тиісті шаралар қабылданады. Анықталған барлық кемшілік 1 қыркүйекке дейін жойылуға тиіс, – деді Жасқайрат Қайыров.

Тексеру жұмыстарының алғашқы нәтижелері де бар. Бүгінде полиция қызметкерлері 350 тексеру жүргізіп, анықталған бұзушылықтар бойынша жергілікті атқарушы органдарға 200 нұсқама енгізді. Барлық кемшілік оқу жылы басталғанға дейін жойылуы тиіс.

Бұдан бөлек, мектептер маңындағы жол қозғалысы жағдайын жақсартуға бағытталған 20 ұсыныс жолданды.

Полиция қызметкерлері жаңа оқу жылы басталғанға дейін тексеру жұмыстарын жалғастырып, анықталған кемшіліктердің толық жойылуын бақылауда ұстайды.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1281064?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version