Президент тапсырмасы: Жамбыл облысында соңғы бес жылда 113 млн-нан астам ағаш отырғызылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірдегі орман шаруашылығының жай-күйі, орман қорын қорғау, өрттің алдын алу шаралары және «Сапсан» мамандандырылған жедел қызметінің жұмысы қаралды.
 
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Әлібеков баяндама жасады.
 
Бүгінде Жамбыл облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 4 млн 416 мың гектарды құрайды. Оның 2 млн 296 мың гектары орманмен көмкерілген, бұл орман қорының 52,3 пайызына тең. Жалпы орман алқаптары облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр. Орман қорының көлемі бойынша Жамбыл облысы республикада екінші орында.
 
Мемлекет басшысының орман қорын ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде 2021-2027 жылдарға арналған ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін арттырудың кешенді жоспары жүзеге асырылуда. Жоспар аясында 2027 жылға дейін орман қоры аумағына 143 млн дана ағаш отырғызу көзделген.
 
2021-2025 жылдары 60,9 мың гектар алқапқа 113,1 млн дана көшет отырғызылып, жоспарлы көрсеткіштер орындалды. Ал 2026 жылы 9,8 мың гектар жерге 16,7 млн дана көшет отырғызу жоспарланған.
 
Өңірде орман өрттерінің алдын алу және олардың таралуына жол бермеу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Көктемгі кезеңде орман шаруашылығы мекемелері 11 184 шақырым өртке қарсы минералды жолақтарды күтіп-баптаудан өткізді.
 
2026 жылғы өрт қаупі жоғары маусым облыста 26 наурыздан басталды. Осыған байланысты орманшылықтардағы 41 өрт бақылау мұнарасы мен 20 найзағай бұрғыш толық дайындыққа келтірілді.
 
Орман өрт сөндіру станциялары қажетті техникамен жабдықталған. Оның ішінде 19 өрт сөндіру автокөлігі, 30 УАЗ-330365 және «JAC» маркалы шағын өрт сөндіру көлігі, 117 МТЗ тракторы, 15 жартылай тіркемелі үш тонналық өрт сөндіру цистернасы және 16 пилотсыз ұшу аппараты бар.
 
Өрт қаупі кезеңінде орман қорын күзету және патрульдеу жұмыстарына пайдаланылатын техникалар жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілді. Резервте 63 мың литр бензин және 19,5 мың литр дизель отыны қарастырылған.
 
Соңғы бес жылда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1 млрд 70 млн теңге бағытталып, қажетті техника мен жабдықтар сатып алынды. Бұдан бөлек, Жамбыл табиғат қоғамдық қорының қаражаты есебінен 9 «Соболь», 4 «Toyota Hilux» автокөлігі және 17 пилотсыз ұшу аппараты алынған.
 
2026 жылы Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы лизингтік қаржыландыру аясында жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 59 бірлік өрт сөндіру техникасы сатып алынды.
 
Биылғы жылдың алғашқы алты айында мемлекеттік орман қоры аумағында орман және жануарлар дүниесін қорғау бағытында 600 рейдтік іс-шара өткізілді. Нәтижесінде орман заңнамасын, аң аулау және балық аулау қағидаларын бұзуға қатысты 302 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы 4,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
 
Ал «Сапсан» мамандандырылған жедел қызметінде 21 қызметкер жұмыс істейді. Биыл инспекторлар 65 рейд өткізіп, табиғат қорғау заңнамасын бұзғандарға қатысты 101 хаттама толтырды. Құқық бұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдар мен табиғатқа келтірілген залалдың жалпы көлемі 9,49 млн теңгені құрады. Оның ішінде 2,313 млн теңге айыппұл және 7,176 млн теңге табиғатқа келтірілген залал ретінде есептелген.
 
Қазіргі таңда «Сапсан» қызметінің инспекторлары 6 автокөлікпен, оның ішінде 3 «Toyota Hilux» және 3 «Нива» көлігімен, сондай-ақ заманауи DJI дронымен қамтамасыз етілген. Қызметтік көліктер GPS-навигаторлар, рациялар, түнгі көру құрылғылары, бейнекамералар және басқа да қажетті құралдармен жабдықталған.
 
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы экологиялық қауіпсіздікті нығайтуға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және қоршаған ортаны қорғауға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.
 
– Орман қорын сақтау және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл ретте орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық жарақтандырылуы, өртке қарсы дайындық деңгейі, орман алқаптарын бақылау және патрульдеу жұмыстары тұрақты назарда болуы қажет. Сонымен қатар төтенше жағдайларға әрекет етуде «Сапсан» мамандандырылған жедел қызметінің маңызы зор. Оның басты міндеті – қауіп-қатерді дер кезінде анықтап, оқиға орнына жедел жету және тиісті қызметтермен бірлесіп қажетті шараларды қабылдау, – деді Ербол Қарашөкеев.
 
Кеңес қорытындысында жауапты мемлекеттік органдар мен қала-аудан әкімдеріне орман шаруашылығы бойынша белгіленген көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету және бақылауды күшейту тапсырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1281371?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version