Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықта болып қайтты. Ведомство басшысы тәрбиеленушілердің тұрмыс жағдайымен, оңалту және әлеуметтік бейімдеу жұмыстарының ұйымдастырылуымен, сондай-ақ балаларға күнделікті қолдау көрсететін мамандардың қызметімен танысты.
Орталық 3 пен 18 жас аралығындағы 170 балаға тұрақты және жартылай стационарлық негізде қызмет көрсетуге есептелген. Қазіргі таңда мұнда 116 тәрбиеленуші бар. Әр балаға жеке қажеттіліктері мен мүмкіндіктері ескеріле отырып, арнаулы әлеуметтік қызметтердің жеке кешені қалыптастырылады.
Мұнда балалардың өзіне-өзі қызмет көрсету, дербес әрекет ету және әлеуметтік-тұрмыстық ортаға бейімделу дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұдан бөлек, тәрбиеленушілерге әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық қызметтердің толық кешені ұсынылады.
Асқарбек Ертаевқа балалар тұратын бөлмелер, оқу сыныптары мен оңалтуға арналған арнайы аймақтар таныстырылды. Мамандар тәрбиеленушілермен күн сайын жүргізілетін жұмыстар, олардың әлеуетін ашуға, жаңа дағдыларды қалыптастыруға және қоғамға бейімделуіне бағытталған әдістер туралы айтып берді.
– Балалармен жұмыс істегенде әр балаға жеке тәсіл қолдану өте маңызды. Оның нақты қажеттілігін дер кезінде байқап, қажетті дағдыларын дамытуға, дербестігін арттыруға және қоғамға бейімделуіне қолайлы жағдай жасау керек. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің бүкіл жүйесі ең алдымен бала үшін нақты нәтижеге бағытталуға тиіс, – деді Асқарбек Ертаев.
Жұмыс сапары барысында оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ) қайтарымды негізде ұсыну тетігін енгізуге арналған пилоттық жобаға да ерекше назар аударылды. Жобаны практикалық тұрғыда сынақтан өткізу 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қарағанды, Ақтөбе және Павлодар облыстарында жүзеге асырылып келеді.
Қарағанды облысында жаңа тетік іске қосылған алғашқы бір жарым айдың ішінде айырбастау қорынан азаматтарға алты мүгедектер арбасы берілді. Сонымен қатар төрт техникалық құрал жөнделіп, үш жағдайда ОТҚ белгіленген пайдалану мерзімі аяқталмай тұрып ауыстырылды.
Жаңа жүйе техникалық құралды пайдалану кезеңінің барлығында сервистік сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қайтарылған ОТҚ алдымен техникалық бағалаудан және санитариялық өңдеуден өтеді. Қажет болған жағдайда жөнделіп, жарамды күйге келтірілген құралдар кейін қайтадан мұқтаж азаматтарға ұсынылады.
ОТҚ-ны азаматқа бергеннен бастап оны қайтару, техникалық қызмет көрсету және кейін қайта пайдалануына дейінгі барлық кезең ақпараттық жүйеде тіркеледі. Бұл әрбір құралдың қозғалысын бақылап, азаматтардың өзгеріп отыратын қажеттіліктеріне жедел жауап беруге мүмкіндік береді.
Бұл ретте пилоттық жоба мүгедектігі бар адамдардың белгіленген пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа техникалық құрал алуға қатысты қолданыстағы құқығын шектемейді. Қайтарымды тетік – оңалту қолдауының үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша мүмкіндік.
Бұл тәсілдің балалар үшін маңызы ерекше. Бала өсіп келе жатқандықтан, белгілі бір уақыттан кейін мүгедектер арбасы немесе басқа да техникалық құрал оның дене өлшемдері мен қажеттіліктеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда жаңа тетік құралды мерзімінен бұрын ауыстырып, оңалту процесінің үздіксіз жалғасуына мүмкіндік береді.
Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша оның тиімділігі жан-жақты бағаланып, жаңа тетікті одан әрі қолдану жөнінде шешім қабылданады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1281306?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау