Масқат, 2026 жылғы 26 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиевтің Оман Сұлтандығына жұмыс сапары өтті.
Сапар аясында А.Исағалиев Оман Сұлтандығы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Халифа Әл-Харисимен кездесті.
Кездесу барысында тараптар қазақстан-оман қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ көпжақты ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Байланыстарды одан әрі жандандыру және жоғары деңгейдегі сапарларды ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар сондай-ақ Астанада өтетін Қазақстан Республикасы мен Оман Сұлтандығының сыртқы саяси ведомстволары арасында саяси консультациялардың екінші раундын өткізу мерзімдерін келісті.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Әл-Хариси Қазақстанды ел тарихындағы алғашқы бір палаталы Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен жылы құттықтады.
Жаңа Парламент Қазақстанда дәйекті реформаларды одан әрі ілгерілетудің маңызды факторына айналатынына, ауқымды қайта құруларды тиімді заңнамалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететініне және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елдің орнықты дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірілді.
Жұмыс сапары аясында А.Исағалиев Оман инвестициялар агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Мулхам Әл-Жарфпен кездесті.
Тараптар бірлескен жобаларды іске асыру және Қазақстан мен Оманның іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін қоса алғанда, екі мемлекеттің инвестициялық ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.
Көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларына, оның ішінде қазақстандық өнімнің Парсы шығанағы мен Үнді мұхиты елдерінің нарықтарына шығуын кеңейту үшін Оманның порт инфрақұрылымын пайдалануға ерекше назар аударылды.
Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар саяси диалогты одан әрі нығайтуға және Қазақстан мен Оман арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілігін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-muscat/press/news/details/1280716?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау