Су үнемдеу мәселелері алғаш рет «Адал азамат» бағдарламасын іске асыруға, сондай-ақ Жаңа халықтық Конституция құндылықтарына негізделген «Заң және тәртіп» пен «Таза Қазақстан» қағидаттарын ілгерілетуге арналған Тамыз педагогикалық конференциясының республикалық секциясының күн тәртібіне енгізілді. Оқу-ағарту министрлігі мен Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырған секция жұмысына еліміздің барлық өңірінен білім беру жүйесінің 200 өкілі қатысты. Олардың қатарында аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, облыстық білім басқармаларының мамандары мен әдіскерлері, сондай-ақ мектеп директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары бар.
«Су және білім: жауапты ұрпақ тәрбиелеу» тақырыбында баяндама жасаған Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов министрліктің су үнемдеу қағидаттарын білім беру және тәрбие жүйесіне енгізу тәсілдерімен таныстырды. Сондай-ақ елшілер, депутаттар және министрлік өкілдерінің қатысуымен өткізілген экосағаттардың нәтижелерін атап өтті.
Кейс-сессиялар барысында мектептерге арналған су үнемдеу бойынша оқу материалдарының жинағы — «Су сандығы» әдістемелік ресурсын білім беру процесіне енгізудің практикалық мүмкіндіктері талқыланды. Бұл ресурс Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы КЕАҚ-тың «Су және білім» жобасы аясында әзірленді. Жоба Француз даму агенттігімен, ЮНИСЕФ-пен және Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы комитетімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар бассейндік су инспекцияларының өкілдері Қазақстанның барлық 19 өңірінде өтіп жатқан өңірлік Тамыз педагогикалық конференцияларына қатысып, педагогтермен су үнемдеу саласындағы тәжірибесі мен білімін бөлісіп жатыр.
«Суды үнемде – болашақты сақта!» жобасы аясында биыл депутаттар мен елшілердің қатысуымен экосағаттар өткіздік. Оған 3,3 миллионнан астам адам қамтылды. Бұл – Қазақстан мектептеріндегі барлық оқушының шамамен 80 пайызы. Алайда су үнемдеудің тұрақты мәдениетін қалыптастыру үшін бұл жұмыстың жүйелі әрі тұрақты жүргізілуі маңызды. Мұнда балалардың суға жауапкершілікпен қарауын күнделікті қалыптастыратын педагогтердің рөлі ерекше. Сондықтан алдағы уақытта еліміздің барлық өңіріндегі педагогтермен және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отырмыз», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1281118?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау