Бүгін Талдықорған қаласының орталық Арбатында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетуге бағытталған «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті.
Акцияны Жетісу облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов ашып, шараның басты мақсаты – тұрғындарды толғандырған мәселелерге жауап беріп, оларға білікті әрі тегін құқықтық кеңес көрсету екенін атап өтті.
Шараға Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл де қатысты. Сондай-ақ Полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсайынов пен облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев сөз сөйлеп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мен мемлекеттік органдардың халықпен ашық байланысын нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Ауқымды акцияға прокуратура, полиция және басқа да құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Мамандар тұрғындарды жеке қабылдап, құқықтық, әлеуметтік, тұрғын үй, жер және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарына жауап беріп, тиісті кеңестер берді.
Акцияға келген қала тұрғыны мұндай форматтағы кездесулердің тиімді екенін атап өтті.
«Бірнеше мекеменің мамандары бір жерде отырғаны өте ыңғайлы. Өзімді толғандырған мәселе бойынша сұрағымды қойып, нақты кеңес алдым. Осындай қабылдаулар қажетті ақпаратты тікелей мамандардан алуға мүмкіндік береді», – деді қала тұрғыны Айнагүл Мұханова.
«Құқықтық дәріхана» акциясы тұрғындарға өз мәселелерін құзырлы органдардың өкілдерімен тікелей талқылап, қажетті құқықтық кеңес алуға мүмкіндік беретін ашық диалог алаңына айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1281441?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау