Жұмыс берушінің еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Е. С. Исмагуловпен жұмыс берушінің еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігі мәселесі бойынша баспасөз конференциясын жүргізілді.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы саласындағы мемлекеттік бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру нысанында жүзеге асырады.

Бұл ретте тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мемлекеттік органның тексеруді тағайындау туралы актісі негізінде, сондай-ақ жеткілікті негіздер мен оны растайтын дәлелдемелер болған жағдайда жүргізіледі.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбекақының уақтылы төленуіне тұрақты мониторинг жүргізеді. Ағымдағы жылғы 25 тамыздағы жағдай бойынша қалада еңбекақы бойынша берешек 4 кәсіпорындағы 73 жұмыскерге 22,8 млн теңгені құрайды.

Жоғарыда аталған ұйымдарда тексеру іс-шаралары жүргізіліп, жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, міндетті түрде орындау туралы нұсқамалар енгізілді, сондай-ақ материалдар мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушыларына жолданды.

Сонымен қатар, Департамент Астана қаласының Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, еңбекақы бойынша берешегі бар кәсіпорындарды банкрот деп тану бойынша жұмыстар жүргізуде.

Банкроттық рәсіміндегі және оңалту сатысындағы кәсіпорындардағы берешек 169 жұмыскерге 53,7 млн теңгені құрайды.

Көрсетілген кәсіпорындар бойынша еңбекақы бойынша берешекті өтеу шараларын «Оңалту және банкроттық туралы» заң шеңберінде конкурстық басқарушылар қабылдауда. Аталған жұмыстарға бақылауды Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаменті жүзеге асырады.

2026 жылдың өткен кезеңінде еңбекақы бойынша 181,4 млн теңгеден астам берешек өтеліп, осылайша 736 жұмыскердің еңбек және конституциялық құқықтары қорғалды.

2026 жылдың басынан бері еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау шеңберінде мемлекеттік еңбек инспекторларымен 10 202 өтініш қаралып, 271 жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша оларды жою туралы талаппен 125 нұсқама берілді, сондай-ақ 114 заңды және жеке тұлға жалпы сомасы 22,2 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ықтимал еңбек жанжалдарына жол бермеу және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мақсатында Астана қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы прокуратура өкілдерімен бірлесіп, тәуекел дәрежесі жоғары тізімге енгізілген жұмыс берушілермен бірлескен кездесулер ұйымдастыруда.

 

Әкімдік жанында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссия жұмыс істейді. 2026 жылы комиссияның 3 отырысы өткізілді.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда келіп түскен өтініштер саны артты. Бұл қала халқының өсуіне, соған сәйкес елордадағы бақылау субъектілері мен кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмыс істейтін адамдар санының жылдан жылға артуына, сондай-ақ азаматтардың «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы шағым беру мүмкіндігінің қолжетімді болуына байланысты.

Сонымен қатар, көптеген бас кәсіпорындардың Астана қаласында тіркелуі де келіп түсетін өтініштер санына әсер етеді.

Профилактикалық жұмыс шеңберінде мемлекеттік еңбек инспекторлары Астана қаласының прокуратурасымен және Кәсіподақтар орталығымен бірлесіп, 2870-тан астам жұмыскерді қамти отырып, 30 рет шығу іс-шарасын өткізді.

Еңбекті қорғау және қауіпсіздік талаптарының сақталуына, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге, сондай-ақ жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Сондай-ақ, қалада құрылыс объектілерінде қауіпсіздік және еңбекті қорғау қағидаларының сақталуын бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданыла бастады.

Бұл жұмыс прокуратурамен және қала полициясы департаментімен бірлесіп жүргізілуде. Жыл басынан бері 13 жұмыс беруші жалпы сомасы 1,1 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Әуеден мониторинг жүргізу құрылыс объектілерін жаңа қырынан тексеруге және әдеттегі тексеру барысында анықтау қиын болатын бұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/trud-astana/press/news/details/1280739?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version