Ақсуат ауданында бастапқы әскери даярлық және дене тәрбиесі пәндері мұғалімдерінің секциялық отырысы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақсуат ауданында бастапқы әскери даярлық және дене тәрбиесі пәндері мұғалімдерінің секциялық отырысы өтті

Ақсуат ауданында «Жаңа халықтық Конституция нормалары мен құндылықтары: адам капиталын дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбындағы аудандық тамыз кеңесі аясында бастапқы әскери даярлық және дене тәрбиесі пәндері мұғалімдерінің секциялық отырысы өткізілді.

Секция отырысына ауданның білім беру ұйымдарынан 47 педагог қатысып, жаңа оқу жылында пәндерді оқытудың ерекшеліктері мен өзекті мәселелерін талқылады.

Секция барысында 2025–2026 оқу жылындағы жұмыстар қорытындыланып, 2026–2027 оқу жылында пәндерді оқыту сапасын арттыруға бағытталған міндеттер белгіленді.

Отырыстың негізгі мәселелерінің бірі – бастапқы әскери даярлық пәнінің жаңартылған мазмұны болды. 2026–2027 оқу жылынан бастап пән жаңартылған бағдарлама негізінде оқытылады. Пән мазмұны заманауи әскери және технологиялық бағыттармен толықтырылып, мемлекеттік қауіпсіздік пен қорғаныстың құқықтық негіздері, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мен Әскери доктринасы, әскери дайындық пен әскери қызмет негіздері, ақпараттық қауіпсіздік, әскери роботтар мен жасанды интеллект, өмір қауіпсіздігінің негіздері, оқу-дала модулі сияқты бағыттарға ерекше мән берілетіні айтылды.

Жаңартылған мазмұнның басты ерекшелігі – білім алушылардың тек теориялық білімін ғана емес, практикалық дағдыларын, қауіпсіздік мәдениетін, әскери-патриоттық көзқарасын және заманауи технологияларды түсіну қабілетін дамыту.

Сондай-ақ педагогтердің назарына жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісінде тиімді пайдалану мәселесі ұсынылды. ЖИ құралдарын сабақ мақсатына сәйкес қолдану, оқу материалдарын дайындау, практикалық тапсырмаларды әзірлеу және білім алушылардың қызығушылығын арттыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Дене тәрбиесі пәні бойынша білім алушылардың денсаулығын нығайту, дене дайындығын арттыру, қозғалыс мәдениетін қалыптастыру және салауатты өмір салтын орнықтыру мәселелеріне басымдық берілді. Сонымен қатар негізгі және ұлттық спорт түрлерінің әдіс-тәсілдерін меңгерту, спорттық-сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыру және қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі атап өтілді.

Жиын соңында педагогтер жаңа оқу жылындағы өзгерістер бойынша пікір алмасып, пәндерді оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Бастапқы әскери даярлық пен дене тәрбиесі пәндерінің білім алушылардың дене және рухани дамуына, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыруға, қауіпсіздік дағдыларын меңгеруіне және белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға қосатын үлесі ерекше атап өтілді.

Секция отырысының қорытындысында баяндамашылар мен кәсіби шеберлігімен ерекшеленген педагогтер марапатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aksuat-bilim/press/news/details/1282198?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version