Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-да (ЛҚЗ) 700-ші локомотив шығарылды. Бұл отандық теміржол машиналарын жасау саласының қарқынды дамуы мен өнім экспорты географиясының кеңеюін көрсетеді.
ЛҚЗ «Астана – жаңа қала» АЭА-ның №1 Индустриялық паркі аумағында орналасқан және халықаралық Wabtec Corporation тобына кіреді. Кәсіпорын Evolution сериялы локомотивтер шығарады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 120 локомотивке дейін жетеді, кәсіпорында 530-дан астам адам жұмыс істейді. Өнімдер Орталық Азия және ТМД елдеріне жеткізіледі.
Wabtec компаниясының Қазақстанға салған тікелей инвестиция көлемі $230 млн-нан асты. Қаражат өндіріс орындарын дамытуға, технологияларды беруге, мамандар даярлауға және жеткізушілердің өндірістік алаңдарын жетілдіруге бағытталды. Кәсіпорын айналасында қалыптасқан өндірістік және сервистік алаңдарда шамамен 1,5 мың маман жұмыс істейді.
Кәсіпорынды дамытудың негізгі бағыттарының бірі – цифрлық технологияларды енгізу. Evolution сериялы жүк локомотивтерінде локомотивті басқаруды оңтайландыруға, отын шығынын азайтуға және пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін Trip Optimizer жүйесі қолданылады. 2024 жылдан бастап бұл жүйені Evolution сериялы локомотивтердің бүкіл жүк паркіне орнатудың өнеркәсіптік кезеңі басталды.
Кадр даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. Wabtec компаниясы «ҚТЖ» АҚ-ның оқу орталығына виртуалды ортаға негізделген технологиясы бар локомотив симуляторын және Evolution дизель қозғалтқышының моделін тапсырды. Бүгінгі таңда орталықта қазақстандық 1 000-нан астам маман кәсіби даярлықтан өтті. 2011 жылдан бері ЛҚЗ-да 150-ден астам студент тәжірибеден өтті, олардың оннан астамы кейін жұмысқа орналасты.
№1 Индустриялық паркте жалпы құны 369 млрд теңгеден асатын 145 өнеркәсіптік жоба жүзеге асырылуда, 7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.
Дереккөз: https://t.me/minpromstroykz/9959
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1282298?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау