Берлин қаласында ГФР Федералдық экономика және энергетика министрлігі алаңында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия Үкіметаралық жұмыс тобының (ҮЖТ) 16-отырысы өтті.
Отырысқа ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков пен ГФР Федералдық экономика және энергетика министрлігі сыртқы сауда бөлімі басшысының орынбасары Герлинд Хекманн тең төрағалық етті. Отырыс жұмысына екі елдің тиісті мемлекеттік органдарының, даму институттарының және жетекші іскерлік топтарының өкілдері де қатысты.
Жұмыс тобы сауда-экономикалық, инвестиция және өнеркәсіптік өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру және іскерлік байланыстарды одан әрі тереңдетуге бағытталған шаралар талқыланды.
Қазақстан мен Германия арасындағы Өнеркәсіп, технология және шикізат салаларындағы ынтымақтастықты дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған жол картасын іске асыру мәселесіне де назар аударылды.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар практикалық әріптестікті одан әрі кеңейтуге өзара мүдделі екендерін растады, сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша бірлесе нақты қадамдар жасады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1282305?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау