2026 жылғы 28 тамызда Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төреханов Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауының қорытындыларына және Ядролық сынақтарға қарсы
іс-қимылдың халықаралық күніне арналған брифинг өткізді.
Кездесуге Тәжікстанның бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы қатысты.
Елші сайлау қорытындылары мен жаңа бірпалаталы Парламенттің Қазақстанның саяси жүйесіндегі рөлі туралы айтып берді. Оның айтуынша, Құрылтайдың қалыптасуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған дәйекті реформалардың құрамдас бөлігі әрі Әділетті және Қуатты Қазақстанды құру жолындағы маңызды кезең болып табылады.
Қатысушыларға сайлауды халықаралық байқау және оған Тәжікстан өкілдерінің қатысуы туралы да ақпарат берілді. Елші тәжік әріптестеріне сайлау үдерісіне танытқан қызығушылығы мен оның ұйымдастырылуына берген оң бағасы үшін алғыс білдірді.
Кездесудің екінші бөлігінде Қазақстанның ядролық қарусыздану саясаты және 2026 жылғы
үш маңызды дата сөз болды. Атап айтқанда, Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына
35 жыл, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына
30 жыл және Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы Семей шартына қол қойылғанына 20 жыл толуы атап өтілді.
Дипломатиялық миссия басшысы бұл тақырыптың Қазақстан үшін ерекше тарихи және гуманитарлық маңызына назар аударды. Қазақстан аумағында ауқымды ядролық сынақтар жүргізіліп, әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдардың бірі орналасқан елден қарусыздану, ядролық қаруды таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану идеяларын дәйекті түрде ілгерілетіп келе жатқан мемлекетке айналды.
Семей полигонындағы сынақтардың салдары шамамен бір жарым миллион адамның тағдырына әсер еткені де айтылды. Бұл тарихи тәжірибе Қазақстанның қағидатты ұстанымының қалыптасуына елеулі ықпал етті: қауіпсіздік өзара жойып жіберу қатеріне негізделмеуге тиіс, ал ядролық сынақтар құрбандарын есте сақтау болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті талап етеді.
Кездесу соңында көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. Уәлихан Төреханов БАҚ өкілдері мен сарапшылардың сайлау қорытындыларына, Қазақстандағы саяси реформалардың одан әрі жалғасуына, сондай-ақ ядролық қарусыздану мен таратпау мәселелеріне қатысты сұрақтарына жауап берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-dushanbe/press/news/details/1281873?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау