«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы бірлесіп, мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалтуға бағытталған пилоттық жобаны жүзеге асырып келеді.
Жоба бүгінде Қызылорда, Павлодар, Абай облыстарында және Шымкент қаласында іске асырылуда.
Басты мақсаты – тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға қажетті оңалту көмегін үй жағдайында ұйымдастыру. Бұл ретте заманауи және инновациялық оңалту құралдары пайдаланылады.
Жоба баланың күнделікті өміріне бейімделген түрде жүргізіледі. Алдымен оның оңалтуға қажеттілігі бағаланады. Мамандар баланың функционалдық жағдайын, қимыл-қозғалыс мүмкіндігін және үйдегі ортасын ескереді.
Одан кейін бірнеше маманнан тұратын топ баланың жеке қажеттілігін анықтайды. Медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдері ескеріліп, қандай оңалту құралы қажет екені белгіленеді. Көпфункциялы кресло-арбалар, вертикализаторлар, жүруді үйретуге арналған құрылғылар, арнайы тренажерлер және басқа да заманауи оңалту құралдары қолданылады.
Бұл құралдар әр балаға жеке қажеттілігіне қарай таңдалады. Олар оңалту курсы кезінде баланың пайдалануына тегін әрі уақытша беріледі.
Үй жағдайында оңалтудың басты артықшылығы – баланың өзіне таныс ортада қажетті жаттығуларды орындауы. Бұл оңалту шараларын жүйелі түрде жалғастыруға мүмкіндік береді. Ата-ана баламен күнделікті жаттығулар жасайды. Ал реабилитолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы және басқа да бейінді мамандар баланың нәтижесін бақылап, қажет болған жағдайда оңалту бағытын өзгертеді.
Мұнда ата-ананың белсенді қатысуы маңызды. Себебі мамандардың берген тапсырмалары мен ұсыныстары күнделікті үй жағдайында жалғасып отырады.
Сонымен бірге жоба аясында цифрлық оңалту күнделігі қолданылады. Ата-ана баламен орындалған жаттығулар мен оның нәтижелері туралы ақпаратты күнделікке енгізеді. Мамандар бұл мәліметтерді қашықтан бақылап, оңалту барысын бағалай алады.
Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының ресми мәліметіне сәйкес, бүгінде Қызылорда облысында жобаға 184 бала қатысады. Балалар үшін 95 инновациялық оңалту құралы пайдаланылуда.
Қазірдің өзінде 138 баладан оң динамика байқалған. Яғни оларда оңалту шараларының нәтижесінде белгілі бір өзгерістер мен жақсарулар бар.
Жоба Қызылорда облысында жалғасып жатыр. Негізгі мақсат – мүгедектігі бар балаларға қажетті оңалту көмегін үй жағдайында қолжетімді ету, олардың мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасау және қоғам өміріне араласуына қолдау көрсету.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1281874?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау