Қазақстанда жас отбасылар мен елді мекендерде тұратын әйелдерді қолдауға, педагогтер мен психологтардың психологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобалар қорытындыланды.
«Ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды дамыту» бағыты бойынша шағын грант аясында Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында «Әйел.Қоғам.Болашақ» қоғамдық бірлестігі «Берекелі отбасы – бақытты болашақ» жобасын өткізді. Жоба жас отбасылар мен ауыл әйелдерін қолдауды көздейді.
Кездесу барысында қатысушылар отбасындағы қарым-қатынас пен жауапкершілік, отбасылық бюджетті жоспарлау және қаржылық сауаттылық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ ана мен бала арасындағы эмоционалдық байланысты нығайту тақырыбына айрықша мән берілді.
«Әлеуметтік волонтерлікті дамыту» бағыты бойынша берілген шағын грант аясында мектеп психологтары мен педагогтердің кәсіби күйзелісінің алдын алуға бағытталған жоба жүзеге асырылды. Оның аясында мамандарға күнделікті жұмыста қолдануға болатын тәжірибелік әдістер үйретіліп, әдістемелік және психологиялық қолдау көрсетілді.
Алматы облысында, Астана, Алматы, Тараз және Түркістан қалаларында барлығы 85 іс-шара өтіп, оған 2 977 адам қатысты.
Семинарлар мен тренингтерде педагогтер мен мектеп психологтары кәсіби күйзелістің алғашқы белгілерін ерте анықтау және оның алдын алу тәсілдерін меңгерді.
Жобалар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ қолдауымен өткізілді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1281985?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау