Жетісуда «Мерейлі отбасы» байқауына 428 отбасы қатысты: республикада өтінімдер саны жағынан өңір екінші орын алды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Биыл дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауына Жетісу облысынан 428 отбасы қатысып, өңір өтінімдер саны бойынша республикада екінші орынға ие болды. Іріктеуден өткен 20 отбасының ішінен жүлдегерлер анықталып,  оларды облыс әкімі Бейбіт Исабаев марапаттады. Олар – білім беру, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда табысты еңбек етіп жүрген әулеттер, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен салтанатты шараға жиналғандарды құттықтаған Бейбіт Исабаев:

– Елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезім ең алдымен әрбір шаңырақтың берекесінен басталады. Ел Президенті  халыққа ұсынған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты маңызды тұжырымдамасын іске асыруға мерейлі отбасылар белсене қатысуда. Бәрімізді біріктіретін ортақ ұстаным – бірлік пен татулық, өзара құрмет, еңбекқорлық, ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілік. Президентіміз кеше Тамыз конференциясында азаматтарымыздың мұңға батып, апатиялық-бойкүйездікке салынбай, алға прогресске, білім мен технологияға жарқын болашаққа ұмтылуы керектігін босқа айтқан жоқ. Бүгінгідей әлемдегі алмағайып күрделі геосаяси кезеңде біздер, әсіресе жастар көзі ашық, көкірегі ояу, зерделі болғаны керек. Әрбір отбасының осындай құндылықтарды өмірлік ұстанымға айналдыруы маңызды, – деп атап өткен өңір басшысы жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне көшті.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің 1-орын жүлдесіне көксулық Еркеновтер ие болды. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен отағасы Сәлім Сейтбайұлы КСРО спорт шебері, қазақ күресі мен еркін күрестен бірнеше дүркін жеңімпаз болған. Ал отанасы Қалипан Рыспайқызы – 10 бала тәрбиелеген «Батыр ана», «Алтын жұлдыз» және «Еңбек ардагері» марапаттарының иегері. Бүгінде бұл әулеттің ұрпақтары медицина, ғылым, спорт, құқық қорғау, экономика және мемлекеттік қызмет салаларында табысты еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып келеді. 10 бала, 26 немере, 17 шөбере тәрбиелеп отырған өнегелі әулет. Бұл ретте Еркеновтер отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының республикалық кезеңінде Жетісу облысының намысын қорғайтын болады. Байқауда 2 және 3-орын орын алған Панфилов ауданынан келген Ахметжановтар мен талдықорғандық Жармұхамедовтар отбасы да – жарты ғасыр бойы шаңырағының берекесін ұйытып, саналы ұрпақ өрбіткен әулеттер. Сол сияқты облыс аймақтарынан келген тағы 7 отбасы ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Жеңімпаздарға ақшалай сертификат, ал жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Жеңімпаз отбасылар өз пікірлерін білдірді.

– Көксу ауданының Еңбекшіқазақ ауылында сонау 1960 жылдардан бері тұрамыз. Өзім ауыл шаруашылығында – қант қызылшасы алқабында, сүт зертханасында жұмыс істедім. Жолдасым екеуміз 10 бала тәрбиелеп өсірдік. Елу алты жыл тату-тәтті отастық, отағасы 75 жасында өмірден өтті. Шүкір, балаларымыздың бәрі жоғары білім алды, бір-бір маман иесі. Бүгін біздің берекелі шаңырағымызды өзгелерге үлгі етіп, жүлде беріп жатқандарыңызға рахмет айтамын. Жас отбасыларға біздің жолымызды берсін, – деді көп балалы ана Қалипан Рыспайқызы.

– Әрине, әрбір отбасы заман көшінен қалмай, уақытпен бірге дамып отыруы керек, балаларды жаңа машықтарға үйреткен де маңызды. Дегенмен еңбекке баулу, мейірім мен өзара қамқорлық, кішіге ізет, үлкенге құрмет тәрбиесін, ұлттық құндылықтарды сақтаған жөн. Сонда отбасы берік те берекелі болады, – дейді жеңімпаз болған отбасының отанасы Күлғайша Жармұхамедова.

Мерекелік салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Атап өтсек, облыста шаңырақ көтерген жас отбасылар саны жылдан жылға артып келеді. Мәселен, өткен жылы 2 451 жас отау құрылса, биылғы алты айдың өзінде 1409 отбасы жаңа өмірге қадам басқан.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотграф: Дмитрий Ерофеев

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-aksu/press/news/details/1281984?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version