Президент тапсырмасы Ақтөбе білімінің жаңа бағдарына айналды: сапа, тәрбие және ЖИ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Биыл педагогтердің тамыз конференциясы «Жаңа Конституцияның стратегиялық бағыты – білім, құндылықтар, адами капитал» тақырыбында өтті. Конференция жұмысына облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.

Келелі басқосуда өңір басшысы облыс алдында тұрған міндеттерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық тамыз кеңесінде берген тапсырмаларын ескере отырып жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.

«Құрметті педагогтер, ардагерлер және білім саласының өкілдері! Күні кеше өткен республикалық Тамыз конференциясында Президент ұстаз еңбегінің ұлт болашағы үшін айрықша маңызына тағы бір мәрте тоқталды. Олардың қатарында білім сапасын арттыру, тәрбие жұмысын күшейту, педагогтердің әлеуетін дамыту, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқарту және жасанды интеллектіні тиімді енгізу мәселелері бар. Ақтөбеде білім саласына қойылатын талап та қашанда биік. Бұл ретте инфрақұрылымды дамыту білім сапасын арттыру, педагогтің кәсіби дамуына, оның шығармашылық ізденісіне, еңбегінің беделіне де сонша назар аударуымыз қажет. Біз тәрбие мәселесіне де аз көңіл бөлмеуіміз керек. Балалардың еңбекке, үлкендерге, өз тарихы мен еліне деген құрметін қалыптастыру маңызды. Өйткені біздің міндетіміз – тек табысты түлек дайындау ғана емес, лайықты азамат тәрбиелеу. Педагогтер, ата-аналар және мемлекет бірлескен күш-жігерінің арқасында сапалы білім беруді қамтамасыз етіп, әр баланың әлеуетін ашып, Ақтөбе облысының адами капиталын нығайтатынымызға сенімдімін», – деді Асхат Шахаров өз сөзінде.

Өңірде білім беру инфрақұрылымы жүйелі түрде дамып келеді. 2026 жылы білім беру саласына 296 млрд теңге немесе облыстық бюджеттің 40%-ы бағытталды. Соңғы үш жылда 17 550 оқушыға арналған 33 мектеп пайдалануға берілді. Бұл 7 апатты және 5 үш ауысымды мектептің мәселесін шешуге, сондай-ақ 16 мектептегі орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді. Жаңа оқу жылында тағы 7 мектепті ашу жоспарланып отыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста бүгінде 14 заманауи мектеп пайдалануға берілді.

Өңірдің білім беру жүйесін дамыту тақырыбын жалғастыра отырып, облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева өткен оқу жылының негізгі қорытындыларын таныстырып, алдағы кезеңнің басым міндеттерін белгіледі.

Оның айтуынша, басты басымдықтардың бірі – білім сапасын арттыру. Соңғы үш жылда ішкі бағалау нәтижелері бойынша білім сапасының көрсеткіші 58%-дан 62%-ға өсті. Сонымен қатар, өңірдің 107 мектебінде жүргізілген сыртқы мониторинг нәтижелері республикалық орташа көрсеткіштен 20–32 балға жоғары болды. Осы көрсеткіш бойынша облыс еліміздің үздік үш өңірінің қатарына кірді.

Білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізуге де баса назар аударылды. Облыста 24 мыңнан астам педагог цифрлық құзыреттілігін арттырды, ал 4 395 мұғалімге ChatGPT Edu лицензиясы берілді. Тәжірибе алмасу мақсатында «Жасанды интеллект бойынша оқытушылар клубы» құрылып, облыстық әдістемелік орталық жанынан ЖИ бөлімі ашылды. Ендігі міндет – цифрлық құралдарды әр мұғалімнің күнделікті жұмысының бір бөлігіне айналдыру.

Оқушылардың нәтижелері туралы айта келе, басқарма басшысы республикалық және халықаралық зияткерлік олимпиадалардағы жетістіктердің артқанын атап өтті. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 8%-ға өскен. Халықаралық олимпиадаларда облыс оқушылары 7 алтын, 20 күміс және 33 қола медаль жеңіп алды.

Білім басқармасының басшысы назар аударған тағы бір бағыт – ерте кәсіптік бағдар беру. Облыста мектепке дейінгі жастан колледжге дейінгі бірыңғай кәсіптік бағдар беру жүйесі қалыптасуда. 59 білім беру ұйымында бейіндік сыныптар ашылып, 21 колледжбен ынтымақтастық жолға қойылды.

Қазірдің өзінде 1 413 оқушы бағдарламалау, автомеханика, тігін ісі, аспаздық және электр ісі сияқты бағыттар бойынша кәсіби дағдыларды меңгерді.

Конференция аясында білім беру саласындағы жаңа тәсілдер мен стратегиялық бағдарлар, педагогтердің жұмысын автоматтандырудағы жасанды интеллект мүмкіндіктері және ауыл мектептерін дамытудың тиімді үлгілері таныстырылды. Болашақ мектебіне, мұғалімнің кәсіби дамуына, сондай-ақ білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, академиялық адалдық пен парасаттылық қағидаттарын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды нығайтуға мән берілді. 

Кеңес жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров білім беру жүйесі жұмысының негізгі көрсеткіштері оқушылардың жетістіктері мен педагогтердің кәсіби еңбегі болып қала беретінін жеткізді. Өңір басшысы оң динамиканы сақтап, білім сапасына, дарынды балаларды қолдауға және ауыл мектептерін одан әрі дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін айтты. 

«Мұғалім еңбегінің айнасы – оның шәкіртінің жетістігі», – деді облыс әкімі.

Ақтөбелік педагогтердің жоғары нәтижелері республикалық деңгейде де мойындалуда. Осыдан бір күн бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әйтеке би ауданының мектебінің мұғалімі Жанар Жұмахметоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын берді. Биыл Хромтау қаласындағы «Тұлпар» балабақшасының тәрбиешісі Әсемгүл Егізбаева «Еліміздің үздік педагогі» атанды.

Конференция соңында кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген өңір педагогтерін марапаттау рәсімі өтті. Бұл күні облыстың білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан және оқу жылының қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен педагогтер мен білім беру ұйымдары марапатталды. «Құрмет» орденімен Ы. Алтынсарин атындағы Ырғыз ауданының жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Әсия Сағынбаева және Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназиясының мұғалімі Зәуреш Сексембаева марапатталды. Тағы 20 мұғалімге облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.

«Үздік орта білім беру ұйымы» облыстық байқауының қорытындысы бойынша алты білім беру ұйымы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысына 11,3 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді. Жеңімпаздар қатарында Хромтау ауданының Тасөткел орта мектебі, Қобда ауданының Талдысай орта мектебі, Мұғалжар ауданының Ақкемер орта мектебі, Қарғалы ауданының Бадамша мектеп-бақшасы, Ақтөбе қаласындағы Әл-Фараби атындағы №21 мектеп-гимназиясы және Ақтөбе қаласының №51 гимназиясы бар.

Сондай-ақ марапаттау рәсімі аясында «Еңбек ардагері», «Ы.Алтынсарин» медальдарымен және «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған педагогтер де атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1282174?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version