1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Жылдар өте келе бұл дата халықаралық маңызға ие болды. Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 64/35 қарарын бірауыздан қабылдап, 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады. Бұл күн бүкіл әлемге ядролық сынақтардың адамзат пен қоршаған ортаға әкелген зардабын еске салып, ядролық қатерден азат әлемге қарай ілгерілеудің маңызын көрсетеді.
Биыл Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толып отыр. Осы атаулы датаға орай Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойд бірлескен Мәлімдеме жасады.
Ядролық сынақтарды бастан өткерген халық үшін бұл – бір мезет әрі орасан зор тарихи жол. Жарылыстар үні естілген жерден бүгінде бүкіл әлемге олардың қайталануына жол бермеу қажеттігін айтып отырған елге дейінгі жол.
Қазақстан өз басынан өткерген қасіретті бүкіл адамзатқа бағытталған үнге айналдыра алды. Семейдің қасіреті өткенді еске алумен ғана шектелмей, болашаққа арналған үндеуге айналды – енді ешбір жер, ешбір ана, ешбір бала ядролық саңырауқұлақтың көлеңкесінде қалмауы үшін жасалған үндеуге.
Осы тарихтың ең жарқын тағылымдарының бірі де осында, қасіретті бастан өткергеннен кейін бейбітшілікті таңдауға және жақсы болашаққа деген сенімді сақтауға болады.
@PressMFAKZ
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bucharest/press/news/details/1282361?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау