Алматы облысының әкімі Ұйғыр ауданындағы кәсіпорындарды аралады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұйғыр ауданына барып, бірқатар инвестициялық жобалармен танысты. Бау-бақшасы жайқалған, шекараның шебіндегі ауданда бүгінде балық өсіру жақсы жолға қойылды. Рахат ауылындағы «СПК BIG FISH» ЖШС-і өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 14 миллион теңге көлемінде несие алып, канал бойында шабақ өсіре бастаған. Биыл кәсіп көлемін кеңейте түсіпті. Осылайша өткен жылы 80 тонна форель мен бекіре өсірген шаруашылық биыл өнім мөлшерін 150 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Шаруашылық иесі Еділ Мысақұловтың сөзінше, ашық су айдыны таза әрі онда оттегі жеткілікті болғандықтан шабақтар тез өсіп жетіледі екен. Кәсіпкер алда 4 миллиард теңге инвестиция салып, өнім мөлшерін еселеуге бел байлап отыр. Шаруашылықтың жұмысымен танысқан Марат Елеусізұлы облыстағы кейбір су арналарында осы тәжірибені қолданып, балық өсіру мүмкіндігі барын айтты. Сонымен қоса бірқатар басқарма басшыларына осы жобаны облыстың өзге аудандарында жүзеге асыру жайын пысықтауды тапсырды. Қазір облыста 53 шаруашылық балық өсірумен айналысады. Олардың жалпы өндірістік қуаттылығы 10,9 мың тонна. Саланың инвестициялық тартымдылығы артып келеді.

Қарадала төсінде ел игілігіне айналар инвестициялық жобалардың бірі – «ТұздыБасТау» ЖШС жүзеге асырып жатқан натрий сульфатын өңдейтін зауыт. Ауқымды өндіріске 8,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Қуаттылығы жылына 24 мың тонна натрий сульфатын өндіретін кәсіпорын 110 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Ірі жоба қыркүйек айында іске қосылады.
« Натрий сульфаты тамақ, медицина, косметика, тоқыма, полиграфия және бояу, қағаз жасау, су өңдеу және басқа салаларда кеңінен қолданылады. Еліміз жылына 100 мың тоннадан астам Натрий сульфатын көрші елдерден сатып алады. Біз осы олқылықтың орнын толтырғалы отырмыз», – дейді «ТұздыБасТау» ЖШС өкілдері.
Айталық, өндіріске қажетті шикізат Кеген ауданынан қазып алынады.
Облыс әкімі Шонжы ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын да арнайы барып көрді. Бұл нысанның 2021 жылы бір блогы құлап, жұмыс тоқтатылған болатын. Содан бері сот процестері өтіп, кінәлі тарап өз жазасын алған соң, 2025 жылы құрылыс қайта жанданды. Мемлекеттен бөлінген 1 млрд 625 млн теңгеге «АГС-Пласт» ЖШС мердігер ретінде іске кірісті. Биыл кешен ел игілігіне берілмек. Құрылыс алаңын аралаған Марат Елеусізұлы мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар ескерту жасап, жұмыс сапасы мен мерзімі қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1282358?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version